Алматыда 4 жасар бала су толы шұңқырға құлап көз жұмды
Қайғыдан қан жұтқан отбасы болған жайтқа әлі сене алар емес
Алматыда 4 жастағы бүлдіршін жерасты суына лық толы шұңқырға құлап көз жұмды. Адам өліміне себеп болған шұңқыр кәріз сору станциясын салу үшін қазылған. Бірақ маңайы қоршалмай, беті ашық тұрған дейді марқұмның жақындары. Олар қайғылы жағдайға құдықтың құрылысына жауапты мекемені кінәлайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға Алатау ауданындағы Қарасу шағынауданында болған. Рамазан есімді балғын түскі мезгілде есік алдына ойнауға шыққан. Ойын баласы үйінің қасындағы мына шұңқырға тайып жығылыпты. Үлкендер көмекке келгенше, тұншығып қалған көрінеді.
Қайғыдан қан жұтқан отбасы болған жайтқа әлі сене алар емес. Олар шұңқырдың бетін жаппаған жауаптыларды жазғырып отыр.
«Балақай есіктің алдында ойнап жүрген. Одан басқа 7 айлық қарындасы бар. Анасы 7 айлық баланы киіндіргенше, бұл бала далаға шығып кеткен. Бір 5-10 минуттың арасы ғана болған. Бұл шұңқырдың ашық тұрғанына біраз болды. Құрылыс компанияларында ешқандай жауапкершілік жоқ. Ашық-шашық тастап кеткеннен кейін біз осындай жағдайға ұрынып отырмыз», - дейді марқұм Рамазанның әпкесі Әсел Ошақбаева.
Қайғылы оқиғадан соң мамандар шұңқырды қоршап қойыпты. Бірақ бұл қауіп сейілді деген сөз емес дейді бұқара.
Оқи отырыңыз: Қостанайда 12 жастағы баланы кран қағып өлтірді
Шұңқырды қазуды қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы тапсырған. Мердігер компанияны да солар жалдаған.
«Негізі кәріз сору станциясы жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес осы жерде орналасуы керек. Құрылыс қазба жұмыстары 25 сәуір күні басталған. Кейіннен жұмыс барысында жерасты суы көп мөлшерде шаққандықтан кәріз сору станциясын орнату мүмкіндігі болған жоқ», - дейді Алматы қалалық энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы су және газбен жабдықтау бөлімінің бас маманы Еркебұлан Іліпбаев.
Қазір қайғылы оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр. Сот медициналық сараптама тағайындалған. Қас бен көздің арасында баласынан айрылып қалған отбасы мердігерді сотқа бермек.