Алматыда жекеменшік мектептің оқушылары 1-сынып оқушысын зорлаған
Алматы қалалық ПД бастығының орынбасары осы жағдайға қатысты пікір білдірді
Алматыда жекеменшік мектептің бірнеше оқушысы бірінші сынып оқушысын зорлады деген күдікке ілінді. Бұл оқиғаға қатысты белгілі құқық қорғаушы Дина Таңсәрі тергеудің созылып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дина Таңсәрі әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы Президентке үндеу жасады.
«Алматы қаласындағы жекеменшік мектептердің бірінде әр сыныпта 12 баладан оқиды. Сол мектетің 7-сынып оқитын үш оқушысы 1-сынып оқушысын бірнеше күн бойы сабақ үстінен алып шығып, дәретханаға апарып зорлап жүрген. Бұл сұмдықты екі апта бұрын баланың әкесі біледі. Қазір іс сол күйі алға жылжымай тұр. Баланы дәрігерлер мен психолог емдеп жатыр. Зорлық істеген балалар бостандықта жүр, олардың ата-аналары да, мұғалімдер де еш жауапқа тартылған жоқ, полиция еш әрекет етпей отыр!». – деп жазды құқық қорғаушы.
Алматы қалалық ПД бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов осы жағдайға қатысты пікір білдірді. Ол 21 сәуірде Наурызбай аудандық полиция бөліміне баланың әкесі арызданғанын айтты. Сол күні аталған құжат ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігі – Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Бұл бап бойынша жаза 20 жылға дейін бас бостандығынан айыруды немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруды қарастырады.
«Сараптамалар тағайындалды, қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, нәтижесінде іс бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданады. Қылмыстық іс бойынша тергеу барысын қадағалайтын процессуалдық прокурор тағайындалды. Тергеу жан-жақтылық, толықтық және объективтілік қағидаттарын қатаң сақтай отырып жүргізілетін болады. Тергеу барысы мен нәтижелері Алматы полиция департаментінің бақылауына алынды», - деп сендірді Әбдірахманов.