Алматыда 2 жасар баланы соққыға жыққан тәрбиеші жұмыстан қуылды
Болған оқиғаға байланысты Алматы қалалық Білім басқармасы түсініктеме берді
Медеу ауданында орналасқан № 96 мемлекеттік балалар бақшасының басынан дау арылмай қойды. Балабақшада «таяқ жеген» тағы бір бүлдіршіннің видеосын туыстары жариялап жіберді.
«Менің екі жастағы бауырымды ұрып-соғып, төсекке жалаңаш жатқызған. Сосын бұл істерін «бала өзі құлап қалды» деп жасырған. Інімнен «саған не болды» деп сұраған кезде «тәте ұрды» деді. Енді қазір балабақшаға барғысы келмейді», - деді жапа шеккен бүлдіршіннің туысы.
Төлебаев 62 мекен-жайындағы бақшаның меңгерушісі - Карасева Наталья. Ал баланы ұрған тәрбиешінің аты – Ирина көрінеді. Жәбірленушінің айтуынша, балабақша меңгерушісі мен тәрбиеші бұл істі басында жасырмақ болған, кейін ақшалай өтемақы төлейтіндерін айтып, кешірім де сұраған.
«Балаларға шошқа секілді қарағандарға қайдағы кешірім, қандай өтемақы? Неліктен бұндай адамдар балабақшаға жұмысқа барады? Балалардың тілі де әлі толық шықпаған, өздерін қорғай алмайды. Сол күні тәрбиеші жұмыстан босатылды. Бірақ, балық басынан шіриді! –деді ашуға булыққан тәтесі.
Ал анасының айтуынша, ұлының бетіндегі көгерген іздер мен мұрнындағы жарақатты жұма күні көрген. Балабақша меңгерушісінен мардымды ақпарат ала алмаған соң, кездейсоқ басқа ата-ана арқылы ұлының таяқ жегенін білген.
«Мен топқа кіріп, екі тәрбиешіге бәрін білетінімді және өтірік айтудың қажеті жоқ екенін айттым. Сол кезде Ирина жылап жіберді. Мен меңгерушіге барып, оқиғаны білетінімді айтқанда, ол өтірік айтқанын бірден мойындады. Маған барлық жасырын бейнелерді көрсетіп, өтемақы төлейтіндерін, жағдайды басқа жаққа жарияламауды өтінді»,- деді Алина Галиева.
Аталған жайтқа қатысты Алматы қалалық Білім басқармасы да түсініктеме берді. Жәбірленушілер құзырлы мекемеге шағымданған. Балаға қол жұмсаған тәрбиеші Ирина Шадских жұмыстан қуылды.
«2019 жылдың 30 қыркүйегінде «Альмавикон» ЖШС операторлары шақырылып, «Курносики» атты кіші топтағы жазбалар қаралды. Жазбада түскі сағат 13: 57-де тәрбиешінің көмекшісі Ирина Шадских Ролан Галиевке екі рет жақындап, көрпемен жауып, аяқтарын жұлқылап, мұрнынан ұрғаны анықталды. Осы факті бойынша тәрибеші Қ.Нұрымбетоваға қатаң сөгіс жарияланды. Тәрбиешінің көмекшісі Ирина Шадских Еңбек кодексінің 52 бабы бойынша жұмыстан шығарылды. Ал № 96 балабақшаның меңгерушісі Наталья Карасеваға тәртіптік жаза жарияланды», - делінген Алматы қаласы әкімдігі баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, аталған балабақшада бұған дейін де заңға қайшы әрекеттер тікелген. Шілде айында мекеменің тәрбиешісі ата-анасынан құн сұрату үшін, бақшадағы баланы ұрламақшы болған еді.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы