Өзбекстанда су тасқыны салдарынан бес адам қаза тапты
Сондай-ақ алты адам түрлі дене жарақатын алған
Өзбекстанның Жызақ облысында нөсер жауын салдарынан болған селден бес адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Республиканың облыстық прокуратурасының мәліметінше, төтенше жағдай салдарынан тағы алты адам түрлі дене жарақатын алған. Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
Табиғи апат салдарынан 100-ден астам адам эвакуацияланды, су астында қалған 260 үйдің 53-і толығымен қирады.
Сондай-ақ Самарқан облысында үйлер мен көшелерді су басқан, Қашқадария және Науаи облыстарында да су тасқыны тіркелді.
Синоптиктердің болжамы бойынша, алдағы 10-15 жылда тұрақты түрде ауа райының жылынуы (орташа температураның жылына 1,5%-ға артуы) жауын-шашынның ұлғаюына, соның салдарынан су тасқыны мен селдің жиілеуіне әкеп соғады.
2021 жылдың шілде айында Қырғызстанмен шекаралас, Өзбекстанның шығысындағы Наманган облысында нөсер жауын салдарынан сел жүріп, 8 адам қаза тауып, алтауы зардап шеккен болатын.