Нұр-Сұлтанда оқушы қызды зорламақ болған ер адам іздестіріліп жатыр

Azattyq Rýhy

Ер адамның азғын әрекеті бейнекамераға түсіп қалған

Нұр-Сұлтанда оқушы қызды зорламақ болған ер адам іздестіріліп жатыр
Facebook.com/dina.tansari.kz

Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті 16 жастағы оқушы қызға жәбір көрсеткен ер адамды іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Белгілі болғандай, 18 сәуірде кешкі сағат 22:22-де «102» нөміріне елорда тұрғыны хабарласып, белгісіз ер адамның 16 жастағы қызын үйдің кіреберісінде зорламақ болғанын айтқан.

«Полиция қызметкерлері ер адамды анықтау бойынша жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Алынған бейнежазба іс материалдарына тіркелді. Қылмыскердің әрекетіне қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріледі. Бұл дерек Полиция департаменті басшысының бақылауына алынды»,- деді ПД өкілдері.

Оқиғаның жай-жапсары туралы «Не молчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі өзінің әлеуметтік парақшасында жариялады. Оның айтуынша, оқушы құрбысынан үйіне қайтып келе жатқанда оның артынан белгісіз ер адам танысу туралы ұсыныс айтып, қалмай қойған. Ол подъезге жеткенде мектеп оқушысының денесіне қол жүгіртіп, ашық тиісе бастаған. Қыз бала одан сытылып кетуге тырысып, бірнеше рет қолын қағады.

«Қыз оның көзілдірігін сындыратынын айтып, өзіне тиіспеуін өтінген. Сол кезде ол көзілдірігін шешкен. Оқушы қыз сол сәтті пайдаланып, ер адамның көзін шұқып, оның қолынан сытылып шыққан. Ер адамның ашуынан сескеніп, айғайлауға қорыққан.

Қазір Нұр-Сұлтан полиция департаменті осы оқиға бойынша «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша іс қозғап жатыр. Бұл жерде зорлық жасауға талпыну әрекеті болғаны көзге көрініп тұр. Жасөспірім оған қарсылық көрсеткен, яғни бұл қыздың еркінен тыс болған жағдай. Жасөспірім қатты қорқып қалған, оған психологтың көмегі қажет», - деп жазды Дина Таңсәрі.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.