Қазақстандық танымал вайнерлер 10 тәулікке қамауға алынды
Алматы қалалық соты бұлтартпау шарасын өзгертті
Алматы қалалық соты қазақстандық вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовқа қатысты бұлтартпау шарасын өзгертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Тергеу сотының қаулысымен М. Төребаев пен М. Шерниязовқа қатысты бұлтартпау шарасын 10 тәулікке қамауға алу түріндегі кепілдікке өзгерту санкцияланды», - делінген Алматы қалалық сотының хабарламасында.
Тергеу органы 2 ай бойы қамауға алуға санкция беруге негіз болатын материалдарды ұсынбаған.
«Тиісті бап бойынша қосымша дәлелдемелер мен материалдар жиналған жағдайда тергеу органы қамауда ұстау мерзімін ұзарту туралы санкция беру туралы өтініш беруге құқылы», - делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: Алматыда қаржы пирамидасының төрт ұйымдастырушысы қамауға алынды
Айта кетсек, қазақстандық вайнерлер ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы 3-бөлігі бойынша күдікті деп танылған болатын. Қылмыстық іс бір топ азаматтың «ASTEX.KZ» ЖШС, «ACD Technology» ЖШС лауазымды тұлғаларының қаржылық пирамида құру және оны басқару дерегі бойынша ұжымдық арыз негізінде Алматы қалалық полиция Департаментінде тіркелді», - деді Алматы қалалық полиция Департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Рүстем Әбдрахманов.
Анықталғандай, 2019 жылдың ақпанынан 2021 жылдың қаңтарына дейін аталған ЖШС-нің лауазымды тұлғалары жеке және заңды тұлғалармен мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін қажет деп болжанатын қаражатты тарту бойынша бірлескен қызмет туралы келісімдер жасасқан. Екіжақты құжатқа сәйкес, фирмалар ай сайын әрбір салымшыға төлеген жарна сомасының 20 пайызын төлеуге міндетті болды. 5 млрд теңгеден астам қаражатты «ASTEX.KZ» ЖШС 162 салымшыдан басқа компания – «MUDARABAN CAPITAL» ЖШС арқылы алған.