Алматыда қаржы пирамидасының төрт ұйымдастырушысы қамауға алынды
Қаржы пирамидасына қатысты тағы үш айыпталушы анықталды
Алматы қалалық полиция департаменті қаржы пирамидасының төрт ұйымдастырушысы қамауға алынғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаржы пирамидасына қатысты тағы үш айыпталушы анықталды.
«MUDARABAN CAPITAL» серіктестіктер қатысушылары – Ш. есімді және Т. есімді азаматтарға қатысты сот бұрын бұлтартпау шарасы ретінде «кепіл» санкциясын берген, сондай-ақ М. есімді және К. есімді азаматтар сотқа дейінгі тергеу барысында «үйқамаққа» алынған.
«Олар Алматы қалалық ПД Тергеу басқармасының ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы 3-бөлігі бойынша тергеп жатқан қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылған болатын. Қылмыстық іс бір топ азаматтың «ASTEX.KZ» ЖШС, «ACD Technology» ЖШС лауазымды тұлғаларының қаржылық пирамида құру және оны басқару дерегі бойынша ұжымдық арыз негізінде Алматы қалалық полиция Департаментінде тіркелді», - деді Алматы қалалық полиция Департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Рүстем Әбдрахманов.
Анықталғандай, 2019 жылдың ақпанынан 2021 жылдың қаңтарына дейін аталған ЖШС-нің лауазымды тұлғалары жеке және заңды тұлғалармен мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін қажет деп болжанатын қаражатты тарту бойынша бірлескен қызмет туралы келісімдер жасасқан. Екіжақты құжатқа сәйкес, фирмалар ай сайын әрбір салымшыға төлеген жарна сомасының 20 пайызын төлеуге міндетті болды. 5 млрд теңгеден астам қаражатты «ASTEX.KZ» ЖШС 162 салымшыдан басқа компания – «MUDARABAN CAPITAL» ЖШС арқылы алған.