$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Апаттың алдын алуға болар еді»: Петропавл ЖЭО қызметкері кәсіпорындағы олқылықтар туралы айтты

Петропавлда 20 наурызда алып мұржалардың бірі құлап, бір адам қаза болды

«Апаттың алдын алуға болар еді»: Петропавл ЖЭО қызметкері кәсіпорындағы олқылықтар туралы айтты

Петропавлда адам өмірін жалмаған жылу электр орталығындағы апаттың болғанына тура бір ай. Естеріңізге сала кетсек, 20 наурыз күні алып мұржалардың бірі құлаған болатын. Үйіндінің астында қалған жұмысшы Наталья Чефонованы құтқарушылар екі күн бойы іздеп, денесін әрең дегенде тапты. Марқұмның әріптестері болған жайтқа орталықтың басшылығы айыпты деп санайды.  Өйткені жылдар бойы жұмыс істеп, тозған қондырғылар жөнделген емес, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

МАРҚҰМ ҮСТЕЛ БАСЫНДА ОТЫРҒАН КҮЙІ ТАБЫЛДЫ

Естеріңізге сала кетсек, 20 наурыз күні Петропавл жылу электр орталығындағы алып үш мұржаның бірі опырылып түсті. Үйіндінің астында қалған Наталья Чефонованы құтқарушылар екі тәуліктен аса уақыт бойы іздеді. Иісшіл иттер көрсеткен аумақты мамандар қолмен тазалады. Өйткені техниканы пайдалану мүмкін болмады.

«Натальяны құтқарушылар үйіндінің астынан қазып алды. Жұмыс үстелінде отырған күйі көз жұмған. Басына темір кіріп кетіпті. Соған қарағанда лезде жан тапсырған болуы керек. Марқұм қолөнерді жақсы көретін еді. Биыл жазда жылу орталығынан жұмыстан кетпек болған. Өз ісін бастауды жоспарлап жүрді. Өкінішке қарай ол күнге жете алмай кетті. Өзегімді өкініш өртейді. Екеуіміздің отасқанымызға сәуірде 20 жыл толды. Ұлымыз бар. Анасы қайтыс болғаннан кейін бірер күннен соң, 16-ға келді. Жеке куәлік алды. Әйелімнің осы қуанышты көре алмай кеткені өкінішті. Енді баламды жалғыз жеткізуім керек. Алдағы өмірімді Натальясыз елестетуді өзі қиын», - дейді марқұмның күйеуі Юрий Чефонов.

Наталья жылу орталығында ауысыммен жұмыс істеген. Бос уақытында тоқыма, тігін және сурет салумен айналысқан. Жалақысы аз, бейнеті көп жұмыстан шаршағандықтан одан бірнеше рет бас тартқысы келіпті. Бірақ мардымды ештеңе табылмаған. Бәлкім, ажалын жұмыста табарын сезген болар. Бірақ сыртқа сыр білдірмепті. Марқұмның күйеуі Юрий Чефонов та жылу орталығында жұмыс істейді. Әйелі әдеттегідей қоштасып, кезекшілігіне кеткен. Бірақ оның қайтып оралмасын отбасы білмеді.

«Ол үйге қайтып оралмасын сезбеген де сияқты. Мен де қаперіме ештеңе алмадым. Екеуіміз кешке қонаққа баруды жоспарлап отырғанбыз. Телефоныма хабарласып, соны есіме салды. Кешке таман телефоныма тағы бір қоңырау түсті. Басшылық хабарласып апат болғанын, Натальяның табылмай жатқанын айтты. Дереу жылу орталығына келдім. Құтқарушылар ішке жібермеді. Мен ғимаратқа кіргеніммен де ештеңе тындыра алмас едім», - дейді Юрий.

«БҰРЫНҒЫ БАСШЫЛЫҚТЫ ЖАУАПҚА ТАРТУ КЕРЕК...»

Марқұмның отбасына өтемақы берілетіні айтты. Бірақ оның адамның орнын толтыра алмасы анық. Натальяның әріптесі Зоя Стреляева болған жайтқа кәсіпорынды ұзақ жылдар бойы басқарған азаматтарды айыптайды.

«Наталья орталыққа 2016 жылы келді. Соңғы жылдары екеуміз бір цехта жұмыс істедік. Қазір зейнеттемін. Өте еңбекқор, көңілді жүретін. Жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қарайтын. Ұжымда басшылық бұйрық берді ме, бірден орындайтын. Станция режимі – әскери нысанға ұқсайды. Тоқтаусыз жұмыс істеп, халықты жылумен және электр қуатымен қамтамасыз етуі керек. Соған қарамастан болмашы жалақыға жұмыс істедік. Наталья да көп еңбектенді. Бір ауысымда бірнеше рет қондырғыларды тексеріп шығады. Жылу орталығындағы жұмыс күрделі. Әр ақау адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Қарапайым жұмысшылар қауіпсіздік талаптарын бұлжытпай орындайды. Ал басшылық жайында олай айтпас едім. 2016 жылы мұржаны жөндеуге ақша бөлінді. Сол кезде компанияға Баримн мен Татаров жетекшілік етті. Ақша мақсатты жұмсалған жоқ. Мұржа жөнделмеді. Бәрі қағаз жүзінде ғана қалды. Сол кезде дұрыс сараптама жасалса, мұржаны ауыстыру керектігі айқындалар еді. Қазіргі директор мен бас инженер осындай қысқа мерзімде ешнәрсеге үлгермеді», - дейді Зоя Стреляева.

КӘСІПОРЫН ИЕСІНІҢ ЕСІМІ ЕҢ БАЙ АЗАМАТТАР ТІЗІМІНДЕ

Мұржа құлағаннан кейін орталықтың директоры мен бас инженері қамауға алынды. Айта кетейік, директор бұл қызметке 9 ай бұрын кіріссе, инженер 30-40 күндей ғана қызмет етіп үлгерді. Олардың үстінен қызметіне салғырт қарағаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Бірер аптадан соң жылу электр станциясына иелік ететін «Севказэнерго» АҚ-ның бас директорының қолына да кісен салынды. «Севказэнерго» – Орталық Азия Электроэнергетикалық корпорациясының еншілес компаниясы. Оған жетекшілік ететін Александр Клебанов Форбс нұсқасы бойынша ең бай 50 азаматтың қатарына кіреді. Компанияның тағы бір бөлігі Сергей Канға тиесілі.

«Жұмыста кезекті тапсырар алдында қондырғылардағы ақауларды жазамыз. Наталья осындай жұмысты істеп отырып, о дүниеге кете барды. Бірақ біздің жазғанымызды басшылық назарға алмайтын. Міне нәтижесінде адам өлімімен аяқталды. Натальяның өлімі осы заңсыздықтарға қоғамның, тиісті органдардың назарын аудартты. Олқылықтардың бәрі дер кезінде жөнделгенде апаттың алдын алуға болар еді. Кәсіпорындағы қондырғылардың бәрі тозған. Қирап жатыр. Ол заңдылық. Мәңгі ештеңе жоқ. Осыған бұрынғы басшылық жауап беруі тиіс деп ойлаймын. Бар үміт сот шешімінде», - дейді Зоя Ивановна.

Айта кетейік, Қазақстанда 37 жылу электр орталығы бар. Оның басым көпшілігінде қондырғылардың 60 пайызы тозған. Ал ең көне нысан Шымкент қаласында. Ол 1941 жылы салынған. Петропавлдағы апат қайталанбасына кім кепіл!?

Серіктес жаңалықтары