$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
22.01.2020, 19:00
Оқиғалар

Сайрамда полицияға ашуланған азамат айып тұрағындағы 8 көлікті өртеп жіберді

Егер сот кінәлі деп тапса, көліктерді өртеген азамат 7 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін

Сайрамда полицияға ашуланған азамат айып тұрағындағы 8 көлікті өртеп жіберді
фото: sonmir.ru

Түркістан облысының Сайрам ауданында мас күйінде көлік жүргізіп, полицияға ұсталған азамат айып тұрағындағы көліктерді өртеп кеткен деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Қарасу ауылында орналасқан айып тұрағындағы өрт жайлы хабар төтенше жағдайлар қызметіне таңғы сағат 05:55-те келіп түскен. Cағат 06:38-де өрт сөндірушілер тұрақтағы жалынды сөндірген. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Алайда, оқиға салдарынан 8 автомобиль тұтастай жанып кеткен, тағы 39 көлікке нұқсан келтірілген.

Көліктерді өртеген азаматтың түр-тұлғасы айып тұрағындағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Тексеру барысында күдіктінің кім екені анықталған. Ол Сайрам ауданы, Манкент ауылының тұрғыны болып шықты. Күдікті азамат сол күні (көлік өртенген күні – авт.) спирттік ішімдік ішіп, ешбір құжатсыз көлік жүргізіп келе жатқанда, оны полиция инспекторлары тоқтатып ұстаған. Полиция өкілдері жүргізушінің көлігін айып тұрағына қойып, өзіне хаттама толтырып, әкімшілік жауапкершілікке тартқан екен. Көлік жүргізуші құқық қорғау органдарының әрекетіне ашуланған болса керек, кеш батқанда айып тұрағының қоршауынан асып өтіп, өз көлігін өртеп кеткен.

Алдын ала болжам бойынша, ол өз көлігін өртеу арқылы, мемлекеттен материалдық шығын өндіріп алғысы келген болуы мүмкін.

Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Ол өзіне тағылған кінәні толық мойындап отыр. Бүгінде күдіктінің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 202 бабының 2 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Егер сот оны кінәлі деп тапса, ер азамат 7 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Арай Есенбек, Түркістан облысы

Серіктес жаңалықтары