Кәсіптік одақтар федерациясы «Қазақмыстағы» қайғылы жағдайға қатысты пікір білдірді
Федерация хабарламасында кез-келген дау мен шиеленіс заң аясында шешілуі тиіс делінген
21 қаңтар күні Жезқазғандағы «Қазақмыс» корпорациясында бас директор мен кәсіподақ басшысының арасында жанжал туындап, кабинеттен шығып кеткен Тоғызбай Тажбеков қару алып қайтып келген. Хатшы мен басқа қызметкерлер ауаға атылған тапанша дауысын естіген. Одан кейін кәсіподақ төрағасы бас директор мен бөлім басшысын пышақпен жарақаттап, өзін-өзі өлтірген. Осы оқиғаға байланысты Кәсіптік одақтар федерациясы пікір білдірді.
«БАҚ өкілдерінің 21-қаңтар күні «Қазақмыс» корпорациясында болған қайғылы оқиғаға түсіндірме беру туралы өтініштеріне орай, ҚР Кәсіптік одақтары федерациясы өз өкінішін білдіреді. Біз үшін адам өмірі қымбат. ҚР Кәсіптік одақтары федерациясы марқұмның туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады және зардап шеккендерге сауығып кетуге тілектестігін білдіреді», - делінген федерацияның баспасөз-қызметі таратқан хабарламада.
Федерация БАҚ өкілдерін алдын-ала болжам жасаудан аулақ болуға шақырды.
«Кез-келген дау мен шиеленіс заң аясында шешілуі тиіс. БАҚ өкілдерін алдын-ала болжам жасаудан аулақ болуға және заң шеңберіндегі тергеу жұмыстарының аяқталуын күтуге шақырамыз. Сонымен қатар, «Кәсіпқорған» жергілікті кәсіподағының «Қазақстанның еңбек конфедерациясы» республикалық кәсіподақтар бірлестігінің құрамына кіретінін хабарлаймыз (төрағасы М.Р.Машкенов – ред.)», - делінген хабарламада.
Бүгін дәрігерлер «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС тау-кен байыту кешенінің бас директоры Амангелді Мініғұлов пен оның қол астындағы басқармалардың бірінің жетекшісі Сабыржан Тембаевқа ота жасалғанын хабарлады. Қазір бас директор жансақтау бөлімінде, ал Сабыржан Тембаев хирургиялық бөлімде жатыр.