Алматыда екі адамды қар көшкіні басып қалды
Нақтыланбаған мәлімет бойынша, көшкін астында қалғандардың біреуі опат болған
Алматыда екі адамды қар көшкіні басып қалды. Қайғылы оқиға бүгін түс кезінде Медеу ауданына қарасты Тұйықсу аумағындағы "Молодежный" шыңында болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Алдын ала ақпарат бойынша көшкін астында 2 адам қалған. Іздестіру-құтқару жұмыстарына отызға жуық құтқарушы аттанған.
"Қазіргі уақытта ТЖД 6 адам, 2 бірлік техника, ТЖМ РЖҚЖ-нен 7 адам, 1 техника және 1 кинологиялық маман, Қазселденқорғау мекемесінен 3 адам 1 техника, құтқару қызметі бойынша 5 адам 2 техника, 1 итпен із кесуші жұмылдырылды.
Барлығы 26 адам туристерді құтқаруға кетті. Бұған дейін ТЖД Қазгидромет РМК 9-13 сәуірінде таудағы көшкін қаупі туралы хабарлама жіберген болатын, қала тұрғындары мен қонақтарына байланыс абонеттерінен-sms, "Дармен" мобильді қосымшасы және қаланың медиабордтары арқылы алдын ала ескертілген", - деді Алматы қалалық ТЖД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлдана Нұрымбетова.
Іздестіру-құтқару жұмысы дрон арқылы жүргізіліп жатыр. Құтқарушылар көшкін астында қалған бір туристі шығарып алды. Алдын ала ақпарат бойынша оның иығы шығып кеткен. Екінші адамды іздеу жалғасып жатыр. Іздеу жұмыстарына тікұшақ та қосылды. Ведомствоның мәліметінше, қар көшкіні Медеуден ары 12 км жерде болған.
Нақтыланбаған мәлімет бойынша, көшкін астында қалғандардың біреуі опат болған.