Қарағандыда өлі табылған нәрестені анасы ағын суға лақтырған болуы мүмкін
Пакеттегі сәбидің денесінен ешбір зорлық-зомбылық белгілері байқалмаған
Қарағандыда қоқыс пакетінен табылған сәбиді анасы даладағы ағын суға лақтырған болуы мүмкін. Куәгерлер жаңа туған нәрестенің денесі гараж маңына қар суымен ағып келуі ғажап емес деп болжайды. Өйткені арада 2 күн өтсе де пакет жатқан маңайдан күдікті әйел табылмаған. Полиция көкек ананы әлі іздеп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Пакеттегі сәбидің денесінен ешбір зорлық-зомбылық белгілері байқалмаған. Тұрғындар еуропалық нәсілдегі балпанақтай ұл баланың жаңа ғана дүниеге келгенін кесілген кіндігінен-ақ анық білген.
Қара пакетті Еленаның ұлы кешкісін өз гаражының бұрышынан тауып алған. Шошығанынан жақындары мен полицияны қоса шақырады. Әйелдің айтуынша, бұл маңайда күдікке ілінерлік ешкім жоқ. Жалпы куәгерлер қорқынышты пакет бұл маңайға қар суымен ағып келуі мүмкін деп болжайды. Олардың ойынша, нәрестені анасы даладағы ағын суға лақтырып жіберуі мүмкін.
«Ымырт жабылған кез болатын. Ұлым гаражға келгенде пакетті көріп ашып қалған. Тыр жалаңаш баланы көргенде шошып кетіпті. Дереу полицияға хабарластық. Бұл маңайдан біреу тастады деп ойламаймын», - дейді куәгер Елена.
Әп-сәтте жедел жәрдем де жеткен. Алайда сәбиді құтқару мүмкін болмаған. Шетінеп кетіпті.
«Бүкіл ықшамауданның суы осы жерге құйылады. Баланың денесі сол қар суымен ағып келуі мүмкін. Оның үстіне пакеттың аузы мұқият жабылған екен. Сәбиін тастаған адам сау емес, психикалық сырқат деп ойлаймын. Жануардың өзі күшігін өлтірмейді ғой», - дейді күйініп Виктор есімді куәгер.
Полиция екі күннен бері көкек ананы іздеп жатыр. Бірақ әлі таппады.
«Қазір аталған факт бойынша ҚР ҚК- нің 100- інші бабы, яғни «жаңа туған сәбиді анасының өлтіруі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деді Қарағанды облыстық ПД өкілі Бақытжан Құдияров.
Қазір көкек ана бүкіл қаладан іздестіріліп жатыр. Ең алдымен жаңа босанғандар тексерілмек. Ал сәбидің денесіне тиісті сот-медициналық сараптамасы жасалуда. Бала ай-күніне жетіп туылған. Оның өліміне не себеп болғаны осы аптада анықталмақ.