Түркістан облысында мас ер адам зейнеткерді тірідей өртеп жіберген
Жантүршігерлік оқиға Сайрам ауданында болған
Шымкенттен небәрі 30 шақырым жерде орналасқан Сайрам ауданында жантүршігерлік оқиға болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
«Ер адамдар арасында жанжал шығып, бірі екіншісін ұрып жіберген. Кейіннен соққы жеген ер адам ішімдік ішіп алған соң өзіне жұдырық жұмсаған танысының үйіне келіп, терезесін шағады. Сол уақытта үйден егде жастағы әйел шыққан. Мас ер адам әйелдің үстіне бензин шашып, өртеп жіберген», - делінген Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз хабарламасында.
Жедел іздестіру шаралары барысында екі күдікті де ұсталды. Олардың біріне қатысты Қылмыстық кодекстің 293-бабы «Бұзақылық» бойынша қылмыстық іс қозғалып, ол сот шешімі арқылы кепілмен босатылды.
Екіншісіне қатысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы «Адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Сараптама тапсырылды. қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Оқиға тұрмыстық жағдайда болған», - делінген хабарламада.