Нұр-Сұлтан – Алматы пойызының жолаушылары ескі вагонда үсіп қала жаздаған

Azattyq Rýhy

Суық әрі қараңғы вагонға отырған жолаушылар билет құнын қайтарып, моралдық өтемақы төлесін дейді

«Ескі вагондарда үсіп қала жаздадық». Осылай деп шағымданған жолаушылар Наурыз мерекесіне орай Нұр-Сұлтаннан Алматыға жолға шыққан кезде есігі жабылмайтын, тастай суық әрі қараңғы вагондарға тап болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Елордадан Алматыны бетке алған №204 қосымша пойызға түнгі сағат 22:40-та отырған жолаушылар жарық пойыз қозғалған соң қосылады деп ойлаған. Бірақ қара түнек жол бойы жалғасқан. Қатты суықтан вагонның жан-жағынан суық жел үрлеп, еденге мұз қатқан. Сорақысы сол, вагонда жағатын көмір де болмады дейді жолаушылар. Ал жол жүру құны тальгоның билетінен де қымбатқа шыққанына ашынады.

«Вагон өте суық.  Сырт киіммен ұйықтадық. Дәретхана даладағыдан бетер лас әрі суық. Жарық жоқ. Түнде тас қараңғы. Біз билетті бір ай бұрын сатып алдық. Бағасы мен вагонның жағдайы мүлдем сәйкес келмейді. Қазіргі кезде осындай тозығы жеткен вагондар жүреді деп ойламап едім. Тіпті көмір жоқ. Мерекелік көңіл-күйімізді бұзды. Билет құнын қайтарып, моралдық өтемақы төлесін», - дейді жолаушы Сәния Құрбанова.

Вагондағы былықтарды пойыз басшысы Ұлжан Мамырова да растады. Мереке кезінде вагон жетіспеушілігінен, қысқа еш дайындығы жоқ вагондар жолға шыққан.

«Менде қазір 19 вагон келе жатыр. Соның 3 вагоны осындай болып тұр. Үш вагонда жылу нашар. Өйткені қысқа дайындалмаған вагондар салқын болып жатыр», - деді №204 коммерциялық пойызының басшысы Ұлжан Мамырова.

«Қазақстан Темір Жолы» компаниясының өкілі еш жағдай жасалмаған вагондармен тасымалданған бұл жолаушыларға өтемақы қайтарылмайды деді. Мерекеде сұраныс күрт өскен соң, жолаушыларды діттеген жерге аман жеткізу басты мақсат болғанын айтты.  Бүгінгі таңда жолаушылар тасымалының базасында 2000-нан астам вагон бар. Оның ішінде зауыттан шыққанына 44 жыл болған вагондар да кездеседі. Мұндай санаттағы вагон саны – 800.  

Былтырдың өзінде темір жол билетінің бағасы 7 процентке өскен. Бірақ қызмет көрсету сапасы әлі күнге сын көтермейді. Тәулік бойы тоңып, мерекеде тауы шағылған жолаушылар «Қазақстан темір жолының» басшылары билеттен түскен пайда мен көмірдің қайда кеткенін түсіндірсін деп талап етуде. Әрі жүйелі проблеманың жауапкершілігін қатардағы жолсерік пен пойыз басшысына арта салмауын қадағалаймыз деп отыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.