Павлодарда көпбалалы ана жауапқа тартылды

Azattyq Rýhy

Арнайы комиссия әйелдің ата-ана құқықтарын шектеу туралы мәселені қарастырып жатыр

Павлодарда ішімдікке құмар көпбалалы ана жауапқа тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Павлодар облысы Успен ауданының полиция бөліміне ауыл тұрғыны спирттік ішімдіктерді асыра пайдаланатыны және өзінің кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамайтыны туралы жасырын хабарлама келіп түсті. Аталған үйге дереу ювеналды полицияның аға инспекторы Дамира Букаева, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия келді.

«Ауыл тұрғынына келіп, оның ішімдік ішкенін көрдік, ал үйде бейтаныс адамдар болды. Әйелдің 17, 16, 10, 7 жастағы төрт баласы бар. 17 жастағы бала ғана үйде болса, қалғандары көрші үйде болған», – деді аға инспектор Дамира Бұқаева.

Ауыл тұрғынына қатысты полицейлер ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабының 1-бөлігі (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша әкімшілік хаттама толтырып, материалды сотқа жолдады. Сондай-ақ, әйелмен балаларды тиісті тәрбиелеу қажеттілігі туралы профилактикалық әңгіме өткізілді.

Бірақ соған қарамастан, көп ұзамай әйелдің үстінен тағы да шағым түсті. Полиция оны бұл жолы да әкімшілік жауапкершілікке тартты. Енді материал тек сотта ғана емес, сонымен бірге кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияда да қаралады, онда оның ата-ана құқықтарын шектеу туралы мәселе шешіледі. Полиция бұл әйелдің бұрын үлгілі өмір салтын ұстанғанын және жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың бірінің жетекшісі болғанын, бірақ ішуді жақсы көретін адамдармен жиі араласып жүріп, балаларына қамқорлық жасау тікелей міндеті екенін ұмытып кеткенін атап өтті.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.