Екібастұзда қазандық құбырын жөндеу кезінде жұмысшы қаза тапты
Қалада бір күнде үш жазатайым оқиға болған
Павлодар және Екібастұз қалаларында бір күнде үш жазатайым оқиға болған, олардың бірі адам өлімімен аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«25 наурыз күні сағат 23:00-де Екібастұз қаласындағы ЖШС-нің бірінің өндірістік цехында 36 жастағы газ-электр дәнекерлеушісі қазандық құбырларында жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде 74 метр биіктіктен 51 метр биіктікке құлап кеткен. Ер адам алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды», - деп хабарлады журналистерге Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Сағат 01.00-де Павлодар қаласындағы акционерлік қоғамдардың бірінің өндірістік цехында 45 жастағы жұмыскер дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу кезінде бетон плитадан металл құлақшаның құлауы салдарынан бас жарақатын алған. Ер адам ауруханаға жатқызылды.
Бұған дейін Павлодар қаласындағы сауда үйлерінің бірінде сағат 09.30-да 28 жастағы жұмыскер әрлеу жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде баспалдақтан құлап кеткен. Жарақат алған ер адам ауруханаға жеткізілді.