Петропавл жылу электр станциясының алып мұржасы құлап қалды

Онда 60 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген

Петропавл жылу электр станциясының алып мұржасы құлап қалды

Петропавл жылу электр станциясының үш мұржасының бірі опырылып құлады. Оқиға орнында төтенше жағдай және жедел жәрдем қызметі жұмыс істеп жатыр. Әзірге жапа шеккендердің бар-жоғы белгісіз, деп хабарлайды Azattyq Ruth тілшісі.

Нысанды полиция қызметкерлері жан-жақтан қоршауға алған. Құтқарушылардан басқа адамдарды ішке кіргізбейді.

«Мұржаның құлауына қатты жел себеп болды. Қазір екі жылу қазандығы жұмыс істеп тұр. Түнде тағы 4-і қосылады. Нысынға қандай зақым келгенін дөп басып айту қиын. Қазір жұмысшылар түгенделіп жатыр. Жапа шекендердің бар-жоғы белгісіз. Үйінділер тазалануда», - дейді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин.

Облыс әкімінің бұйрығымен жедел штаб құрылды. Мұржаның құлау себебі анықталмақ.

«Тұрғындарды жылумен қамтамасыз ету мақсатында барлық қажетті шаралар жүзеге асырылуда. Оқиға орнында мамандар жұмыс істеп жатыр. Құтқару-іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Қылмыстық іс қозғалды. Қажетті сараптамалардың барлығы тағайындалады», - делінген облыстық прокуратура таратқан ақпаратта.

Қала тұрғындары ыстық судың жоқтығына және жылу құбырларының суып жатқанына шағымданып жатыр.

«Жылу батареялары салқындап кетті. Ыстық су да жоқ. Күн суық болып тұр. Түнде аяз болады. Жылу жүйесі қатып қала ма деп қауіптеніп отырмыз», - дейді қала тұрғыны Ольга Понамарева.

Ал мәдениет басқармасы апаттық жағдайға байланысты Наурыз мерекесін атап өту бағдарламасына өзгерістер енгізілетінін хабарлады. 

Петропавл жылу электр орталығы осыдан 60 жыл бұрын салынған болатын. Содан бері кешенді күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Станция қондырғыларының 56 пайызы тозған. Қыс маусымы басталғаннан бері кәсіпорында бірнеше рет апат болды. Екеуі адам өлімімен аяқталған еді.

Бұған дейін Петропавл қаласы жылусыз қалуы мүмкін екенін жазған болатынбыз.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.