Алматыда көрші елдердің 18 азаматы отанына қайтарылды
Шетелдіктер Қазақстанда заңсыз жүрген
Алматы полициясы Тәжікстан мен Өзбекстанның 18 азаматын елдеріне қайтарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шаһардың көші-қон қызметінің мәліметінше, бұл шетелдіктер Қазақстанда заңсыз жүрген.
«Мигрант» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін Өзбекстан мен Тәжікстанның 18 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олар қаланың ауданаралық мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен мемлекетімізден шығарылды. Аталған елдердің ҚР-дағы консулдық қызметінің күштерімен азаматтар Өзбекстан Республикасының шекарасына дейін рейстік автобуспен жеткізілді. Оларға дипломаттармен елге оралу туралы куәлік берілді», – деді Алматы қалалық ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Асхат Бутунчинов.
Ал полицияда «Мигрант» іс-шарасы заңсыз көші-қон арналарын, шетелдіктерді заңсыз жұмысқа орналастыру деректерін анықтау мақсатында өткізіліп жатқанын еске салды. Тәжірибе көрсеткендей, заңсыз жүрген келімсектер көбінесе қылмыстық қол сұғушылықтың нысанына айналады немесе оларды өздері жасайды.