«10 соттық жер телімін алып беремін»: Түркістанда алаяқ ұсталды
Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде
10 соттық жер телімін алып беремін деп түркістандықты алдаған алаяқ ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып, жақын танысының 10 соттық жер телімін алып беремін деп сан соқтырып кеткенін айтқан. Осылайша алдау жолымен 2020 жылдың тамыз айында оның 800 мың теңге ақшасын алған. Алайда осы күнге дейін не жер алып бермеген, не ақшасын қайтармаған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алды.
Жедел-тергеу тобының шұғыл-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде жергілікті тұрғын анықталып, тәртіп сақшылары оны полиция бөліміне жеткізді.
Белгілі болғандай, күдікті алаяқтық жолмен бөтен мүлiкке құқықты иемдену арқылы тұрғынның ақшасын алғанын мойындады. Сондай-ақ, заңсыз әрекет жасау үшін алған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жіберген.
Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Алдағы уақытта полиция қызметкерлері күдікті ер адамның басқада қылмыстық жайттарға қатысы бар-жоғын анықтайтын болады.