Шымкентте порнографиялық қызмет ұсынумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

Azattyq Rýhy

Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр

Шымкент полицейлері нақты уақыт режимінде интернет арқылы порнографиялық қызмет ұсынумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтады. Бұл туралы бүгін Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Арман Бейсенбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

«Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында өткен жылдың шілде айында біздің жедел қызметкерлер онлайн хабар тарататын порностудияны анықтады. Біз бұл ақпаратқа қызығушылық танытып, жарты жыл ішінде барлық қажетті іздеу шараларын жүргіздік. Нәтижесінде Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларының тұрғындарын анықтадық, оның ішінде 5 Қырғызстан және 6 Қазақстан азаматы бар. Біз оларды үш мегаполистің жалдамалы пәтерлерінде ұстадық. 

Қазіргі уақытта соттың шешімімен барлығы 11 адам қамауға алынды. Олардан шамамен 44 мың АҚШ долларын құрайтын ақша, екі қымбат «Тойота Камри – 70» және бір «Lexus GX 460» көлігі тәркіленді. Аталған іс, ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы «ұйымдасқан қылмыстық топты ұйымдастыру және оған басшылық ету» және «кәмелетке толмағандардың порнографиялық бейнелері бар материалдарды дайындау және тарату немесе оларды порнографиялық сипаттағы ойын-сауық іс-шараларына қатысуға тарту» бойынша тіркелді. 

Бұл қылмыстық топты ұйымдастырып, басқарған Қырғызстан азаматын тінту барысында одан және оның жерлестерінен есірткі заттарын тәркіледік. Ұйымдасқан қылмыстық топтың әрбір мүшесі өз міндетін атқарып отырған. Белгілі болғандай, қаладағы жалдамалы пәтерлерде арнайы жабдықталған 10-нан астам веб-порно-студия анықталды. Онда 50-ге жуық қыз жұмыс істеген, оның ішінде кәмелет жасқа толмаған екі жасөспірім бар. Сондай-ақ олардың көпшілігі есірткі пайдаланады. 

Аталған веб-порно-студияның аудиториясында негізінен шетел азаматтары болған және қызмет ақысын шетел валютасымен төлеген. Қазақстанда нақты уақыт режимінде жұмыс істеген порностудия алғаш рет анықталғанын атап өткім келеді. Бүгінде бұл ұйымдасқан қылмыстық топтың трансұлттық сипатқа ие болуы мүмкіндігін жоққа шығармаймыз. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр», – деп қорытындылады полковник Бейсенбаев.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.