Петропавлда интернет-алаяқтық жасады деген күдікпен мектеп оқушысы ұсталды
Бүгінгі таңда істе 4 эпизод бар, полицейлер жәбірленушілердің санын нақтылау бойынша жұмыс істеуде
Петропавлда интернет арқылы алаяқтық жасады деген күдікпен 16 жастағы қыз ұсталды. Мектеп оқушысы әлеуметтік желіде жалған акаунт ашып, жігіттерге таныстық ұсынып отырған. Біраз уақыт араласып, сеніміне кіргеннен кейін қарызға ақша алып, ізін суытқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Петропавлдың бірнеше тұрғыны интернет арқылы алданып қалғанын айтып полицияға арызданған. Жәбірленушілердің дені жастар. Олар «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде тартымды қызбен танысқаны жайлы айтқан. Аз уақыт хат алмасқаннан кейін виртуалды таныс қарызға ақша сұраған, алайда оны қайтаруға асықпаған көрінеді. Шығын сомасы 13 мың теңгеден бастап 316 мың теңгеге дейін жетеді. Петропавл қалалық ПБ Криминалдық полиция қызметкерлері жалған парақшаны анықтаған. Оның атын автор кездейсоқ таңдап, фотоны интернеттен алып орналастырған. Осылайша жедел уәкілдер күдіктіні анықтаған, ол Петропавлдың 16 жастағы мектеп оқушысы болып шықты. Ол ата-анасының кепілдігімен босатылды. Аталған фактілер ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі «Алаяқтық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
Бүгінгі таңда істе 4 эпизод бар, полицейлер жәбірленушілердің санын нақтылау бойынша жұмыс істеуде.
«Интернет желісінде ақшамен байланысты сұрақтар туындаған кезде, азаматтардан сақ болуды сұраймыз. Киберқылмыскерлер адамдардың интернет желісіндегі парақшаларының көшірмесін айнытпай жасап, таныстарынан белгілі бір себептерді сылтау етіп, ақша сұраған деректер де кездеседі. Сондай-ақ, интернетте тауарлар сатып алу кезінде алдын ала төлем жасауға келіспеңіздер. Бұдан бөлек, ешкімге ешқашан жеке деректеріңізді: банк карталарының нөмірлері мен паольдарын, картаның екінші жағында жазылған cvv-кодтарды, sms арқылы келетін бір реттік кодтарды айтпаңыздар», - дейді Петропавл қ. ПБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Дархан Зияфиддин.
Эльмира Мәмбетқызы