Бақауов орнында: облыс әкімдігі қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатыр - баспасөз қызметі
Баспасөз қызметі алқа жиынын өткізу күні туралы кейінірек хабарланатынын жеткізді
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің Telegram мессенджеріндегі ресми каналында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың қатысуымен өтетін шаралардың өтпейтіні хабарланды. Бүгін сағат 10.00-де облыс басшысының қатысуымен алқа отырысы өту керек болған, алайда отырыстың басталуына бір сағат қалғанда шараның өтпейтіні туралы хабар келген.
«Павлодар облысының әкімдігінде 16 қаңтарға жоспарланған туризм және спортты дамыту жөніндегі басқарма, сондай-ақ қоғамдық даму және ақпарат басқармасы мен мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағаттар басқармасының алқа мәжілісі өтпейді. Алқа жиынын өткізу күні туралы кейінірек хабарланады», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, кеше кейбір отандық сайттар мен әлеуметтік желілерде Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың ұсталғаны жайлы ақпарат тарап кеткен еді. Алайда, облыс басшысының ұсталғаны жайлы ақпаратты ешбір ресми орган растаған жоқ.
Бүгін таңертең Павлодар облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ернар Сейтахмет БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, облыс әкімдігінің қалыпты жағдайда жұмыс жасап жатқанын, облыс басшысы жұмыс бабымен Павлодар қаласында жүргенін мәлімдеді.
Кеше облыс басшысы Болат Бақауов өзі туралы тарап кеткен алып-қашпа әңгімеден кейін Instagram желісіндегі парақшасында жазба қалдырды.