$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.01.2020, 03:52
Оқиғалар

Қожайынның қойын сатып байыған: Түркістан облысында қойшы жігіт қолға түсті

Полицияға арызданған тұрғын 600-ге жуық қойының 60-ы жоқ болып шыққанын айтқан

Қожайынның қойын сатып байыған: Түркістан облысында қойшы жігіт қолға түсті
Фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысы Полиция департаментіне қарасты Бәйдібек АПБ-нің кезекшілік бөлімшесіне жергілікті тұрғыннан арыз түскен. Арызданушы қойшыға сеніп тапсырған 600-ге жуық ұсақ малының 60-ы жоқ болып шыққанын айтқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Аталған арыз Бәйдібек АПБ-не тіркеуге алынып, ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бойынша қылмыстық іс қозғалған. Аудандық полиция бөлімінің тәжірибелі полицейлері бірден бағыт алып тексеруді бастап кетеді.

Ауыл-аймақтың барлық жайылымдық жерлеріне тінту жүргізіп, көрген-білген тұрғындардан сұрақ-жауаптар алады, сонымен қатар, мал базарлар мен мал тасымалдайтын көліктер тыңғылықты тексеріледі.

Нәтижесінде, білікті полицейлердің күдігіне қойшы ілігеді. Тәртіп сақшылары тексере келе, оның өзіне сеніп тапсырылған ұсақ малды жымқырып, қожайынына 2 миллион теңгеден астам шығын келтіргенін анықтайды.

Тергеу барысында белгілі болғандай, қойшы жігіт өзіне сеніп тапсырылған малды біртіндеп, иесі байқамайтындай етіп сатып жүріпті. Қой сатқаннан түскен ақшаны қажетіне жұмсап, қалғанын жинап отырған.

Күдікті қазіргі уақытта ешқайда кетпеу туралы қолхат беріп, босатылған. Ол бұрын-соңды сотты болмаған екен.

Қазіргі таңда болған жайтқа байланысты тергеу амалдары жалғасып, күдіктінің басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.

Дереккөз: Otyrar.kz

Серіктес жаңалықтары