Қазақ-қырғыз шекарасында жүк көліктері жарты айдан бері кезекте тұр
Бұған жүк транзитін қадағалайтын арнайы электронды пломбалардың жоқтығы себеп
Қазақстанның Қырғызстанмен шекарасында жүк көліктерінің бір шақырымға созылған кезегі екі аптаден бері тарқамай тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Хабар 24» сайтына сілтеме жасап.
Бұған жүк транзитін қадағалайтын арнайы электронды пломбалардың жоқтығы себеп.
«Ақ-Тілек – автодорожный» шекаралық бекетінде жүздеген жүк көлігі жиналып қалды. Кейбіреуі бір аптадан аса уақыт тұр, сол себептен жүргізушілер көліктерінде қонуға мәжбүр. Көліктен тек тамақ сатып алу мен соңғы жаңалықтарды білу үшін шығады. Бәрін де толғандыратыны бір ғана сұрақ: шекарадан қашан өтетінін білгілері келеді.
«Ешкім білмейді. Электронды пломбалар береді дейді. Жаңа жылға дейін үлгергендер шекарадан өтті. Қалғандары осында. Алдымда 3 қаңтарда келген көліктер тұр, өзім 5-де келдім», - деді көлік жүргізуші Номан Каримкулов.
Шекарадағы ұзын-сонар кезек желтоқсан айының соңында пайда болды. Сол кезде Қазақстанның мемлекеттік кірістер комитеті ел аумағында автокөліктермен тасымалданатын жүктерді арнайы электронды пломбалардың көмегімен қадағалауды шешкен. Олар Ресей, Қытай және Өзбекстанға бара жатқан транзит жүктеріне бекітілуі тиіс.
«Құжаттарымды рәсімдеп, тексеруден өттім. Күні бойы тұрдым, электронды пломбалары жоқ. Еуразиялық экономикалық одақтың саммиті болып, Қазақстанға контрабандалық тауарлар жеткізбес үшін қырғызстандық көліктерге міндетті түрде пломба тағылатын болып шешілді. Кешке дейін күттік, пломбалар әкелмегендіктен, кері қайттық», - деді көлік жүргізуші Андрей Скибин.
Осы жағдайға байланысты Қырғызстан премьер-министрі Мухаммедкалый Абылгазиев Қазақстанмен бұл жөнінде келіссөздерді жаңғыртуды тапсырып, шекарада тұрып қалған жүргізушілерге қолдау көрсетуді бұйырды. Олар күн сайын азық-түлік пен жанармай сатып алу үшін қаражатын жұмсайды, ал жүк иелері тауарлары дер кезінде жеткізілмегендіктен, шығынға батып жатыр.