Қазақстандық магистранттардың Германиядағы әрекеті: оқу орны пікір білдірді
Әлеуметтік желіде Сот төрелігі академиясы магистранттарының бейәдеп әрекеттері туралы видео тарап кетті
Әлеуметтік желіде Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігі академиясының Германияда тағылымдамадан өтіп жүрген магистранттарының бейәдеп әрекеттері кеңінен тарап, көпшіліктің қызу талқысына түскен еді. Бүгін оқу орнының өкілдері аталмыш видеоға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Видеода ішімдік ішіп, билеп жүрген жастар Германияның Висмар қаласындағы Hochshule Wismar – University of Applies Sciences оқу орнында екі апталық тағылымдамаға барған көрінеді.
«Кадрдан болашақ сот төрағаларын көріп отырсыздар. Ертең осы жастар Қазақстандағы сот істеріне төраға болады. Висмар қаласындағы университетте тәжірибеден өтіп жүрген студенттердің шындығында, қалай уақыт өткізіп жүргенін қараңыздар. Олар оқу оқудың орнына, спиртті ішімдік ішіп қана қоймай, білгендерін істеп, Еуропада тегін қыдырып жүр», – дейді кадр сыртындағы дауыс.
Сондай-ақ, магистранттардың әрқайсының 12 күндік тәжірибеден өтуіне мемлекет 500 мың теңгеден бөлгені айтылады. Автор бұл сомаға барлық шығын мен жол құны да кіретінін атап өтеді.
Сот төрелігі академиясының өкілдері жастардың видеодағы әрекеті жайында білетіндерін, қазіргі уақытта комиссия құрылып, видеоның тексеріліп жатқанын айтты.
«2020 жылдың 13 қаңтарында жарияланған видеодағы ақпарат дәлелденіп, магистранттар академиядан шығарылатын болса, оларды оқытуға жұмсалған қаржы толықтай қайтарылады. Ол туралы кейінірек хабарлаймыз», - делінген Академияның баспасөз қызметінен.
Академия өкілдері сондай-ақ, магистранттар тағылымдамадан өткен жылдың қараша айында өткенін, қазіргі уақытта мемлекеттік органдарда, яғни министрліктер мен ведомстволарда қызмет етіп жүргендерін айтты.
Дегенмен, Сот төрелігі академиясының тәртібі бойынша түлектер тек Жоғары сот кеңесінің іріктеуінен өткен соң ғана судья қызметіне орналасуға мүмкіндік алады екен.