«Көппен бірге басына ағаш қадап, бомждай көме салған»: қызылордалық ер адамның белгісіз өлімі

Azattyq Rýhy

Марқұм 1987 жылы туған, Қызылорда қаласы, Тасбөгет кентінің тұрғыны

«Көппен бірге басына ағаш қадап, бомждай көме салған»: қызылордалық ер адамның белгісіз өлімі
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Қызылордада 35 жастағы ер адамның денесінің белгісіз жағдайда көппен бірге көмілгені анықталды. Құқық қорғау қызметкерлері ер адамның жүрегі қысылып қайтыс болғанын айтқан. Алайда марқұмның жақындары мұндай болжамға сенбей отыр. Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қызылордалық Берік Сағындықов есімді азамат 2021 жылдың желтоқсан айының ортасында із-түссіз жоғалып кеткен. Оның егде жастағы ата-анасы облыстық полиция департаментіне арыз жазып, ұлдарына іздеу салған.

«Анасы учаскелік полициядан сұраса Қызылордаға барыңыз дейді, қалаға барса Тасбөгетке кері қайтарады. Әрі-сәрі екі ортада жүргенде тергеушілер «хабар болса, не өліп қалса біз бірінші естиміз, звондап айтамыз» деген. Екі бірдей мүгедек балаға қарайлап отырған, өзі де жарымжан қарт анасы үйден ұзап шыға алмай, күндер өтіп жатты. Сөйткенде, Қызылорда полициясы Беріктің өлі денесін тауып, өткен жылдың 18 желтоқсанында-ақ көміп тастағанын 2022 жылдың 25 қаңтарында айтқан», - деп жазған журналист.

Белгілі болғандай, ер адамды көппен бірге басына ағаш қадап, қалай болса солай көме салған. 35 жастағы жігіттің құжаты қалтасында болған. Алайда журналистің жазуынша, тергеушіде ата-анасының мекен-жайы, телефоны бола тұра олар қайтыс болған ер адамның жақындарына дер кезінде хабар бермеген.

Марқұмның туыстары журналиске жазған хаттарында полицейлер мәйітті өздері көміп тастағаны туралы болжамдарын жазған екен.

«Сағындықов Берік Бейсенбайұлы, 1987 жылы туған, Қызылорда қаласы, Тасбөгет кентінің тұрғыны, біраз уақыттан бері отбасы, бауырлары іздеп таппай жүрген болатын, сөйтсе ол 18 желтоқсан күні қайтыс болған екен, бірақ ол жөнінде үйіне тек 25 қаңтар күні ғана айтылған, оған дейін ешкім хабар бермеген! Оған дейін Қызылорда қаласының полиция басқармасы өздері тауып, көміп тастаған, я ол баланың қабірі дұрыс қазылмаған я жаназасы оқылмаған», - делінген хатта.

Қайтыс болған ер адамның туыстары өлімге кімнің жауапты екенін анықтауды көздейді. Алайда құзырлы органдағылар оның жүрек талмасынан көз жұмғанын айтқан екен.

«Неге осынша уақыт бойы бір ауыз айтылмаған ата-анасына, әлде өздері ұрып өлтіріп алып қылмыстың ізін жасырғысы келді ме екен? Соқталдай азаматтың өліміне кім жауап береді, кім өлтірді? Полиция жүрегі қысылып өлді дейді, экспертиза қағазын қолымызға берген жоқ. Қызылорда полициясына сенім жоқ, ҚР ІІМ, ақиқатты білгіміз келеді», - деп жазған марқұмның жақындары.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.