$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.01.2022, 11:34
Оқиғалар

Ташкентте әйел 3 жасар қызын зообақтағы аюдың алдына лақтырып жіберген

 Жантүршігерлік оқиға 28 қаңтар күні келушілер мен зообақ қызметкерлерінің көзінше болған

Ташкентте әйел 3 жасар қызын зообақтағы аюдың алдына лақтырып жіберген

Ташкент зообағында жаға ұстатар сұмдық жағдай болды. 28 қаңтар күні түскі сағат 12.00 шамасында хайуанаттар бағында келушілердің көзінше жас келіншек қолындағы кішкентай қызын аю тұрған торға лақтырып жіберген. Бала бес метр биіктіктен дәл жыртқыштың алдына құлап түскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жантүршігерлік оқиға туралы Ташкент зообағының әкімшілігі айтты.

«Егер аю құлаған балаға тап бергенде, бұл оқиғаның соңы қандай болатыны ойлаудың өзі қорқынышты. Қоршау ішінде жатқан кавказдық Зузу атты қоңыр аю қызын темір қоршаудың үстінен лақтырып жіберген әйелдің әрекетін қимылсыз бақылап қана жатты.

Келушілер мен хайуанаттар бағы қызметкерлері әйелді тоқтатуға қанша ұмтылғанымен, әйел ештеңеге қарамастан, баласын жыртқыш аңның аузына лақтырып жіберді.

Зузу жайлап арыққа жақындады да, қызды иіскелеп, ары қарай кетіп қалды. «Жыртқыштар» бөлімінің қызметкерлері жылдам әрекет етіп, аюды қора-жайдың ішіне алдап шақырып алып кетті», - делінген хайуанаттар бағының telegram-каналында.

Зообақтың өзге қызметкерлері дерек кішкентай қызды вольерден көтеріп алып шығып, зообақ медбикесінің қолына тапсырған.

Хайуанаттар бағы әкімшілігі баланың жыртқыштың тісінен емес, 5 метрге жуық биіктіктен құлағандықтан зардап шеккенін атап өтті.

«Алғашқы тексеру барысында оның денесінен көгерген ізден өзге ауыр жарақаттар байқалмады. Ташкент хайуанаттар бағы қызға медициналық көмек көрсетуге қатысты барлық шығынды өз мойнына алып, оның тезірек сауығып кетуін тілейді», - деп хабарлады зообақ әкімшілігі.

Қазір құқық қорғау органдары аталған оқиғаның себебін анықтап жатыр, ал бала дәрігерлердің бақылауына алынған.

Жұма күні Өзбекстан Бас прокуратурасының баспасөз қызметі Ташкент хайуанаттар бағында үш жасар қызын аюдың апанына лақтырып жіберген әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Іс «Адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша қозғалды, онда кемінде 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Серіктес жаңалықтары