СҚО-да интернет-дүкен арқылы синтетикалық есірткі сатумен айналысатын екі азамат ұсталды
Өткен жылы есірткі саудасымен айналысатын 162 интернет-ресурс анықталып, оларды бұғаттау үшін Ішкі істер министрлігіне жолданған
СҚО Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері синтетикалық есірткі сатумен айналысатын интернет-магазин жұмысын жүргізді деген күдікпен 1989 және 1991 жылдары туған Петропавл қаласының екі тұрғынын ұстады. Олардың қылмыстық іс-әрекеттері құжатталып, интернет-дүкен жұмысына талдау жасалды.
«Синтетикалық есірткімен күрес жүргізудегі басты қиыншылық оларды таратуда жоғары технологиялық әдістерді қолдану. Таратушы қашықтықтан әрекет етеді, есірткі салушы – тарату тізбегіндегі ең төменгі буыны – ол таратушыны көрмейді, тек жабық электрондық арналар арқылы байланысқа шығып тұрады. Алайда, егжей-тегжейлі жедел жұмыстың нәтижесінде аталған интернет-ресурстың жұмысын ұйымдастырған күдіктілер анықталды, - дейді СҚО ПД ЕҚҚІҚБ бастығы полиция полковнигі Жандос Басыбаев.
Екеуі де 8 қаңтар күні ұсталған. Олардың жалға алған пәтерінен «тұз», «спайс», жазбалар, сим-карталар, смартфондар табылды. Сонымен қатар, ішінде 250 грамға жуық синтетикалық есірткі бар үлкен полимерлі орама анықталды. Барлығы сараптамаға жолданды.
Аталған факті Қылмыстық Кодекстің 297-бабы 3-б. «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
Сот екі күдіктіге қатысты «қамаққа алу» бұлтарпау шарасын қабылдады. Өткен жылы СҚО Полиция департаменті есірткі сатумен айналысатын 162 интернет-ресурс барын анықтап, оларды бұғаттау үшін Ішкі істер министрлігіне жолдаған. Одан бөлек, 1 есірткі зертханасы анықталды.