Нәресте өлімі: Атырауда 4 дәрігерге қатысты сот үкімі шықты
Оқиға 2019 жылы желтоқсанда болған
Атырау облыстық ауруханасының үш хирургі мен бір педиаторы 11 айлық сәбидің өліміне кінәлі деп танылды. Олар балаға тиісті дәрігерлік көмек көрсетпеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Оқиға 2019 жылы желтоқсанда болған.
Нәрестені туыстары белгісіз зат жұтып қойды деген шағыммен ауруханаға бір емес, үш мәрте әкелген. Алайда сол күнгі кезекші дәрігерлер оны емдеу мекемесіне жатқызудан бас тартып, табиғи жолмен шығуын күтуге кеңес беріпті. Сот кезінде дәрігерлер тағылған айыппен келіспеген. Бірақ сараптама қорытындысында сәбидің медициналық көмек уақытылы көрсетілмегендіктен, көз жұмғаны дәлелденді дейді судья.
«Қылмыстық кодекстің 317-абы 3-бөлігімен кінәлі деп танып, Тілеуғалиевке, Адрисовке, Тәжғалиеваға, 2 жыл мерзімге, Зұлхашевқа 3 жыл мерзімге дәрігерлік қызметпен айналысу құқынан айыра отырып, олардың әрқайсына 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. 2021 жылғы 7 желтоқсандағы №81-7 ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты «Рақымшылық жасау туралы» Заңының 2 бабының екінші бөлігі бірінші тармағына сай бас бостандығынан айыру туралы негізгі жазадан босатылсын», - деді Атырау қалалық №2 сотының судьясы Эльмира Ойкулова.
Судья сондай-ақ, өзге мекемелерде де дәрігерлік қателіктер қайталанбауы үшін қосымша қаулы қабылдады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысына келеңсіз жағдайлардың алдынмалу үшін нақты шаралар қабылдау міндеттелді. Нәтижесі бір ай ішінде сотқа хабарлануы керек.