Алматыда жол апатынан тоғыз айлық нәресте көз жұмды
Бала алған жарақатынан емдеу мекемесінде екі сағаттан кейін қайтыс болды
Алматы облысында жол апаты салдарынан 47 жастағы алматылық және тоғыз айлық нәресте көз жұмды, деп хабарлайды Polisia.kz.
16 желтоқсанда сағат 14:00 шамасында Еңбекшіқазақ ауданы Қайназар ауылының 26 жастағы тұрғыны Chevrolet Cruze автокөлігін басқарып, өзімен бірге Алматы қаласынан жолсеріктерді алып, Жамбыл ауданы Жаңақұрылыс ауылының батыс бағытында 58 километрде Алматы-Бішкек автожолымен жүріп келе жатқан 59 жастағы Сарыбастау тұрғынының басқаруымен ВАЗ-21063 автокөлігімен соқтығысқан.
Апат салдарынан Chevrolet Cruze автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысы Алматы қаласының 21 және 30 жастағы тұрғыны 9 айлық баласымен ауруханаға жеткізілді. Алматы қаласының 47 жастағы тұрғыны оқиға орнында көз жұмды. Бала алған жарақатынан емдеу мекемесінде екі сағаттан кейін қайтыс болды.
ВАЗ-21063 автокөлігінің жүргізушісі мен оның жолаушысы Сарыбастау ауылының 59 жастағы тұрғыны түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Аталған факті ҚР ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігі (Автомобильді басқаратын адамның екі адамның өліміне әкеп соққан Жол жүрісі қағидаларын бұзуы) бойынша СДТБТ-де тіркелді. Chevrolet Cruze автокөлігінің жүргізушісі қамауға алынды.