СҚО-да жол үстіндегі көлікке белгісіз біреулер оқ жаудырған

Azattyq Rýhy

Әлеуметтік желіде ақ түсті Hyundai Accent-тің фотосы тарады

СҚО-да жол үстіндегі көлікке белгісіз біреулер оқ жаудырған
Фото: instagram.com/@sko_kz

Солтүстік Қазақстан облысында тас жол бойында белгісіз біреулер жеңіл көлікке оқ жаудырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.  

Әлеуметтік желіде ақ түсті Hyundai Accent-тің фотосы тарады. Оған жан-жақтан оқ атқаны анық көрініп тұр. Көліктің сау-тамтығы қалмаған. Терезесі, бампері, шамы сынған. Есіктерін де оқ тесіп тастапты. Облыстық полиция департаменті жеңіл көлікке оқ атылғанын растады.

«18 желтоқсан күні сағат 11:00-дің шамасында Челябі – Новосибирск тасжолының 635 шақырымында Чистое ауылына жақын жерде Hyundai Accent маркалы көлік анықталды. Мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ. Зақымданған жерлері бар. Жүргізуші жақтағы есікке екі рет бытыралы мылтықпен оқ атқан», - дейді полицейлер.

Бірақ жарақат алған адамдар жоқ. Тәртіп сақшылары көліктің иесін анықтады. Ол облыстық білім сапасын бақылау департаментінде тіркелген. Оған Петропавл қаласының 25 жастағы тұрғыны жауапты. Оның айтуынша, 17 желтоқсан күні түнгі сағат 22:00-де көлік бұзылып қалған. Ол мемлекеттік тіркеу нөмірлерін алып, көлікті жол жиегінде қалдырып кеткен. Полицейлер бұл ақпаратты тексеріп жатыр.

Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 202-бабы, 2-тармағы (Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Оқ атқан адамдар іздестіріліп жатыр.
 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.