$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.01.2020, 04:37
Оқиғалар

Сатушылардың көзінше жымқырған: Түркістанда алтын бұйым ұрлайтын күдікті ұсталды

Күдікті базарда 10 сатушының алтын бұйымдарын көз алдарында жымқырып кеткен

Сатушылардың көзінше жымқырған: Түркістанда алтын бұйым ұрлайтын күдікті ұсталды

Түркістандық полицейлер сауда орнынан 10 сатушының алтын бұйымдарын көз алдында жымқырып кеткен күдікті әйелді ұстады, деп хабарлайды Оtyrar.kz.

Түркістан қалалық полиция департаментіне орталық базарда алтын сатумен айналысатын  әйелдер арызданады. Жеке кәсіпкер келіншектердің айтуынша, алтын сатып алуға келген белгісіз әйел өзінің арам ойын іске асырып, қолына ілінген алтындарды жымқырып кеткен. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 1,5 миллион теңгені құрады.

«Аталған жайт  ҚР Қылмыстық кодекстің 188-бабы бойынша тіркелді. Аталмыш хабарлама келіп түсісімен, полицейлер шұғыл әрекет етіп, оқиға орнына жетті. Куәгерлерден сұрастырып, жақын аймақтарды аралап шықты, бейнебақылау камераларын мұқият тексерді. Қылмыскерді ұстау мақсатында қажетті барлық іс-шараларды жүзеге асырды. Нәтижесінде, тәртіп сақшылары 1 сағат ішінде күдіктіні базардан ұстады», – деді Қалалық полиция басқармасы өкілдері.

Тергеу барысында күдіктінің Алматы облысының тұрғыны екені және оның Түркістанға ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру ойын жүзеге асыру мақсатында келгені анықталды.

Күдіктінің орталық базардағы алтын сататын сатушыларды сөзге айналдырып тұрып, алтындарды білдіртпей қалтасына салып алғаны белгілі болды.

Қолға түскенде өз кінәсін толық мойындаған күдіктіден айғақты зат ретінде 10 жәбірленушінің алтын бұйымдары табылып, тәркіленіп алынды.

Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ал жеке кәсіпкерлер күдіктіні тез арада құрықтап, жоғалған алтындарын тауып берген тәртіп сақшыларына алғыстарын білдірді.   

Серіктес жаңалықтары