Қаскелеңдегі жарылыстан тағы бір адам көз жұмды
Көпқабатты үй тұрғындары уақытша баспаналарға көшірілді
Алматы облысы Қаскелең қаласында болған газ жарылысынан зардап шеккен тағы бір адам қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
1939 жылы туған әйел адам алған жарақаттары салдарынан аудандық ауруханада көз жұмған.
«8 қаңтар күні аурухананың жансақтау бөліміне 81 жастағы әйел адам түсті. Алайда, оның денсаулығын оңалтуға қатысты барлық мүмкіндік қолданылғанымен, кешкі сағат 17:00 шамасында қария көз жұмды», - деп мәлімдеді баспасөз қызметінен.
Қазіргі уақытта зардап шеккен отбасылар уақытша баспаналарға көшірілген. Зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, жағдайларын білген Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев шығындардың бәрін әкімдіктің өтеп беретінін айтты.
Еске салсақ, 8 қаңтар күні Қаскелеңдегі көпқабатты үйлердің бірінде газ-ауа қоспасы жарылып, оқиға орнында 11 жасар бала қаза тапқан болатын.
Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің хабарлауынша, қайғылы оқиға сағат 13:15 шамасында Төле би көшесінде орналасқан үйдің соңғы қабатында болған.
Қазіргі таңда оқиғаның себептері анықталып жатыр.