Қаскелеңде тұрғын үйде болған жарылыстан бір адам қаза тапты
Төтенше жағдайлар комитеті Алматы облысындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде газ ауа қоспасы жарылып, 11 жастағы баланың қаза тапқанын хабарлады
«8 қаңтар күні сағат 13:15-те Қаскелең қаласының Төле би көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің 5 қабатында газ ауа қоспасы жарылып, жапсарлас тұрған бірнеше пәтерге нұқсан келген. Бірақ ары қарай өрт болмады. Оқиға орнында 2009 жылы туған бала қайтыс болды», - деп хабарлайды Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі.
Жарылыстан зардап шеккен 7 адам ауруханаға жеткізілген, оның 3-еуі балалар. Олар әртүрлі деңгейде жарақат алған.
«Өрт сөндіру қызметі жарылыс болған үйдің тұрғындарын эвакуациялады. Оларға Қаскелең қаласы әкімдігі уақытша тұратын орын әзірледі. Жарылыстың себебі анықталып жатыр», - деп толықтырды ТЖК баспасөз қызметі.