Жұмыстағы қауіпсіздік: Петропавлда ЖЭС қызметкерінің денесінің 80%-ын күйік шалған
Науқас есін біледі, бірақ жағдайы өте ауыр

Кеше Петропавл жылу электр станциясының қызметкері ауыр жарақат алып, жансақтау бөліміне жеткізілді. Иван Семендеевтің денесінің 80 пайызын күйік шалған. Қалалық аурухана дәрігері жапа шегушінің жағдайы өте ауыр екенін айтты. Оның денесінің барлық жері, тіпті бетіне дейін күйіп қалған.
«Кеше сағат 21:00-де жас шамасы 40-тағы ер адам ауруханаға түсті. Жұмыс орнында жарақаттанып қалған. Нақтысын айтар болсақ, термиялық күйік алған. Сөзіне қарағанда, жанып жатқан күлге құлап кеткен. Жедел жәрдем көмегі оны ауруханаға жеткізген кезде жағдайы өте ауыр болды. Денесінің басым бөлігі күйіп қалған. Қазір қарқынды терапия жасалып жатыр. Науқас есін біледі. Тек қатты шок алғандықтан, дәрі-дәрмектің көмегімен ұйықтайды. Дәрігерлер оны аман сақтап қалу үшін қолдан келгеннің барлығын жасап жатыр. Денесінің 80 пайызы күйген. Ал зақымдану тереңдігін әзірге нақты айта алмаймыз. Ол жақын күндері белгілі болады», - дейді Петропавл қалалық 3-ші аурухананың жарақат аурулары бөлімшесінің дәрігері Марат Оспанов.
«СЕВКАЗЭНЕРО» серіктестігі Солтүстік Қазақстан облысын жылу және электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған монополист кәсіпорын. Қайғылы оқиға 7-ші қаңтар күні тіркелген. Кешкі ауысымда жұмысына кіріскен қазандық машинисі Иван Семендеев жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Оның күлге құлап кеткенін серіктестік басшылығы жоққа шығарды.
«Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жұмысшы жылу қазандығын тазалау кезінде күл мен бу сыртқа шашылған. Соның кесірінен Иван Семендеев күйіп қалған. Бұған дейін жылу қазандығы автоматты түрде тазаланатын. Кеше ол жүйе істен шыққандықтан, жұмысшылар автомат жұмысын өздері атқарған», - дейді Петропавл 2-ші жылу электр станциясы бас инженерінің міндетін атқарушы Вадим Ягодин.
Кәсіпорын басшылығы жұмысшыға қажетті дәрік-дәрмек сатып алып, қызметкерлер қан тапсырғанын айтты. Семендеев аталған кәсіпорында 7 жыл жұмыс істеген. Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция депатраменті баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 2-ші бөлімінің 156-шы бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің біріңғай тізіліміне енгізілді. Оқиға орнында жедел іздестіру тобы тобы жұмыс істеп жатыр. Әзірге қайғылы оқиғаның нақты себебі белгісіз.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО