Петропавл көшесінде матрацпен сырғанаған «хайпқұмарларға» айыппұл салынды
Оларға қатысты екі бап бойынша әкімшілік іс қозғалды
Петропавл көшесінде жеңіл автокөлікке үрленбелі матрацты тіркеп сырғанағандар жауапкершілікке тартылды. «Хайп» қуған жігіттер айыппұл төлейтін болады.
Орталық көшелердің бірінде түсірілген видеоны жігіттер әлеуметтік желілер арқылы таратқан. Кәсіби түсірілім мен монтаж жасалғанына қарағанда, видео авторларының роликті түсіруге арнайы дайындық жасағаны аңғарылады. Олар үрленбелі матрацты арқан арқылы жеңіл автокөлікке тіркеген. Санаулы сағаттар ішінде бейнежазба әлеуметтік желілер арқылы көпшіліктің қызу талқысына түсіп үлгерді.
Жергілікті полиция бөлімінің қызметкерлері видео авторларының барлығын анықтаған. Олардың барлығы 19 бен 20 жас аралығындағы жап-жас жігіттер. Ешқайсысы жұмыс істемейді.
Видеороликте машинаның мемлекеттік номері жасырылған. Тәртіп сақшылары көлік жүргізушісін де анықтады. 1987 жылы туған жігіт өзінің осындай әрекетке ойланбай келіскенін айтып отыр. Қоғамдық тәртіпті бұзушылар осылайша әлеуметтік желіде көп қаралым жинап, көрерменнің көңілін көтермек болғанын мойындаған.
«Басбұзарларға қатысты тиісті материал жиналып, сотқа жіберілді. Оларға қатысты екі бап бойынша әкімшілік іс қозғалды. Бірі – ұсақ бұзақылық, екіншісі – жолда жүру ережесін бұзу фактісіне қатысты. Мұндай видеоларды түсіріп, әлеуметтік желілерге жүктемес бұрын, қоғамдық қауіпсіздік, жауапкершілік жөнінде ойланған жөн. «Лайк» қуып жүріп, ажал құшқандар қаншама», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасының бөлім бастығы Әлібек Ғабдуллин.
Полиция департаментінің мәліметінше, өткен жылы Солтүстік Қазақстан жолдарында болған көлік апаттарынан 30 адам көз жұмған. Тағы ондаған адам түрлі дене жарақаттарын алған.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО