Құрылыс басындағы төбелес адам өлімімен аяқталды
Полицияға 32 жастағы азаматтың пышақ жарақатымен ауруханаға түскендігі жөнінде хабарлама түскен
Алматы облысында құрылыс басында жұмысшылар ішімдік ішіп, арты адам өлімімен аяқталды. Бұл туралы Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Оқиға Жамбыл ауданының Айдарлы ауылында болған.
Полицияға 32 жастағы азаматтың пышақ жарақатымен ауруханаға түскендігі жөнінде хабарлама түскен. Оқиғаның мән-жайын анықтап, жедел-іздестіруге кіріскен полицейлер 37 жастағы Ұзынағаш ауылының тұрғынын ұстады.
«Күдікті жәбірленушіге пышақ жарақатын салғанын мойындады. Оның сөзінше, жәбірленуші екеуі бірігіп ішімдік ішкен, артынан екеуінің арасында жанжал туындап, ол бөтелкелесінің ішіне пышақ жарақатын салған. Айғақ зат ретінде пышақ тәркіленді», - делінген хабарламада.
32 жастағы жәбірленуші алған жарақатынан 2 күннен кейін ауруханада көз жұмды. Тергеу ҚР ҚК 106-бабы, 3-бөлігіне сәйкес жүріп жатыр.