Байқаусызда өзі құлап кетті - Көктөбеде батуттан құлаған баланың туыстары
14 жастағы бала Көктөбедегі аттракционның біріннен құлап, аяқ-қолын сындырған
Алматы қаласының Полиция департаменті «Көктөбе» аумағында аттракционнан құлап кеткен балаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты.
«Сотқа дейінгі тергеу барысында, он төрт жастағы Ф. есімді азаматтың 2020 жылдың 2 қаңтарында, Көктөбе саябағының аумағындағы аттракционнан құлап, оның аяқ-қолының сынғаны анықталды. Зардап шеккен жасөспірімнің туыстары бұл жағдай бойынша ешкімге шағымданбайтындығын, баланың аттракционнан байқаусызда құлап кеткенін айтты», - дейді Полиция департаментіндегілер.
Жәбірленуші тараптың айғақтарына қарамастан, Медеу аудандық полиция бөліміндегілер ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабы бойынша (Қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету) құқық бұзушылық негізінде сотқа дейінгі тергеу жүргізуді бастады.
Кеше Алматыдағы балаларға шұғыл көмек көрсету орталығының бас дәрігері 4-5 метр биіктіктен құлаған баланың жағдайы тұрақты деп хабарлады.
«Баланың денесінде сынық көп екені анықталды. 4 омыртқасында компрессиялық сынық, сол жақ білек сүйегінің сынығы, оң жақ табан сүйегінің сынығы. Сол жақ аяғында екі бірдей тобығы, сонымен бірге табан сүйегі де сынған. Қолы мен аяғына ота жасалды. Барлық қажетті медициналық көмекті толық көлемде алып жатыр. Баланың жағдайы тұрақты», – деді Балаларға шұғыл көмек көрсету орталығының бас дәрігері Абай Құсайынов.