ШұғылҚазақстанда COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны 110 мың адамға жуықтады

Петропавлда жер үй өртеніп, иесі көз жұмды

СҚО-да жыл басынан бері осымен 8-ші өрт оқиғасы тіркелді

фото: egemen.kz

Петропавлда жер үй өртеніп, иесі ажал құшты. Мамандардың алдын-ала болжамы бойынша, өрттің шығуына қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамау себеп болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Өрт Қызыл әскер полкі көшесіндегі 308-ші үйде болған. Үйден шыққан түтінді байқаған көршілер бірден 101 қызметіне телефон соққан. 

«Мен иттерге тамақ беру үшін далаға шығып едім. Көршінің үйінінен қара түтін шыққанын байқадым. 101 телефоны арқылы өрт сөндіру қызметіне хабарластым. Тез келді. Кейін иесі көз жұмды деп естідік. Жасы 50-лер шамасындағы әйел еді. Ажал айтып келмейді, өкінішті», - дейді марқұмның көршісі Роман Ширяев.

Көршілерінің айтуынша, өртенген үйде екі адам тұрған. Көз жұмған әйелдің күйеуі қайғылы оқиға болған уақытта жұмыста жүрген. Құтқарушылар 5 минутта оқиға орнына жетсе де, үй иесін аман алып шыға алмады.

«Өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Болжам бойынша жалын пештен шыққан. Әйел ыстан уланып көз жұмған. Статистика көрсетіп отырғандай, осы сынды қайғылы жағдайлар көбіне қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан болады», - дейді Солтүстік Қазақстан ТЖД өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің жедел кезекшісі Әсет Сердалин.

Оқиға орнына мамандандырылған №1 өрт сөндіру бөлімінің екі техникасымен жеке құрамы және жедел жәрдем қызметі жетті. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенде, үйдің терезелері мен шатырдың астынан қою қара түтін шығып жатқан.

Жыл басталғалы Солтүстік Қазақстан облысында 8 өрт оқиғасы тіркеліп, тілсіз жау 4 адамның өмірін қиды, оның екеуі бала. Қаңтардың 2-сінде  Жұмысшы кентінде жер үй өртеніп, анасы мен екі бала ыстан уланып көз жұмған еді. Қазір өрттен келген материалдық шығын көлемі есептеліп жатыр.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО