Көпбалалы аналарға дөрекілік көрсеткен шенеунік қатаң сөгіс алды
Нұрлы Хабиева қабылдауына келген көпбалалы аналарға дөрекі мінез көрсетіп, дұрыс сөйлеспеген
Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Нұрлы Хабиева көп балалы аналарды сыйламағандығы және дөрекілігі үшін қатаң сөгіс алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Ақ жайық» газетіне сілтеме жасап.
Атырау облысы бойынша мемелекеттік қызмет істері агенттігінің департаментінде бұл ақпаратты растады.
«Нұрлы Хабиеваның азаматтармен әңгімелесу барысында мемлекеттік қызметкер этикасын сақтамағандығы және оларға дөрекілік танытқандығы анықталды. Шағымданушылардың дәлелдері расталды», - деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметі.
Этика жөніндегі кеңеске зардап шеккен алты ана хабарлаған. Олар Нұрлы Хабиеваның дөрекі сөздерін диктофонға жазып алған. Оның өзі Кеңес отырысында бұл қылығын атаулы әлеуметтік көмек алушылар тізімін нақтылау барысында жүйкесінің сыр бергендігімен түсіндірді.
Хабиева өзіне берілген жазаға қатысты түсінік беруден бас тартқан.
Нұрлы Хабиева қалалық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімін 9 жылдан артық уақыт басқарып келеді.