Жамбыл облысында сексеуіл кескен ер адам үш жылға қамалуы мүмкін
Қазақстанда 2023 жылдың соңына дейін сексеуіл кесуге дейін тыйым салынған
Жамбыл облысында Қызыл кітапқа енген сексеуілді кескен ер адамға Қылмыстық кодекс бойынша іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Биыл 18 қараша күні жергілікті полиция қызметкерлері «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында Сарысу ауданының Жайлаукөл ауылынан 25 шақырым жерде заңсыз кесілген және пайдалануға тыйым салынған сүректі (сексеуілді) тасымалдаған адамды анықтап, ұстады. Ол 42 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.
Ұсталған азамат кінәсін мойындады. Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 339-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. 1 текше мөлшеріндегі сексеуіл заттай дәлелдемесі тәркіленді. Сот-биологиялық сараптамасы тағайындалды», - делінген облыстық ПД хабарламасында.
Аталған қылмысты жасағаны үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің талаптары бойынша мүлкі тәркіленіп және бес жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
Жамбыл облысының Полиция департаменті сексеуілдің жойылып кету қаупі бар екенін еске салады. Еліміздің мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі сексеуіл өсімдігін кесудің барлық түріне 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін тыйым салынған.
Айта кетейік, биыл Түркістан облысында Қызыл кітапқа енген қызғалдақтың алты данасын жұлған азаматқа 9 млн теңге көлемінде айыппұл көзделген болатын.