$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.04.2021, 18:33
Оқиғалар

Алты тал қызғалдақ жұлған шымкенттік 9 млн теңге айыппұл төлеуі мүмкін

Түркістан облысының полицейлері қызғалдақ терген ер адамды ұстады

Алты тал қызғалдақ жұлған шымкенттік 9 млн теңге айыппұл төлеуі мүмкін
фото: Түркістан облысы ПД

Түркістан облысы Бәйдібек аудандық полиция қызметкерлері Қызыл кітапқа енген қызғалдақты терген ер азаматты ұстады. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Тәртіп сақшылары Ақбастау ауылына қарасты жайылымдық алқаптан қолына бірнеше қызғалдақ алып жүрген ер адамды байқаған. Тексеру барысында ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Ер адамның қолындағы гүлдер Қызыл кітапқа енгізілген болуы мүмкін екенін ескеріп, полицейлер оны Бәйдібек аудандық полиция бөліміне жеткізді. 6 қызғалдақ айғақты зат ретінде алынып, сараптама тағайындалды. «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі республикалық мемлекеттік мекемесінің анықтамасына сәйкес, аталған 6 дана гүл ҚР Қызыл кітабына енгізілген «Грейг» қызғалдағы болып шықты», - делінген баспасөз хабарламасында.

Қазір ұсталған азаматқа қатысты Қылмыстық кодекстің 339-бабының 1-бөлігімен (Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз пайдалану) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Аталған бапқа сәйкес, ер кісінің кінәсі дәлелденген жағдайда оған 3000 АЕК айыппұл немесе 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы тағайындалуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары