Оралдық әйел құрсағындағы егіз сәбиінің шетінеп кеткенін үш апта бойы білмеген
Ұлболсын мен Нұрбол есімді ерлі-зайыптылар ақ халаттылардың салғырттығына өкпелі
Оралдық келіншек құрсағындағы шарананың шетінеп кеткенін үш апта бойы білмеген. Зарыға күткен егіз сәбиінен айрылған Ұлболсын Айтқалиева бұған дәрігерлерді кінәлайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Ашынған ананың айтуынша, емдеуші гинеколог дұрыс көңіл бөлмеген көрінеді.
Құрсағындағы сәбиінің егіз екенін білгенде Ұлболсын мен Нұрболдың қуанышында шек болмаған. Қуанышы қойнына сыймаған ерлі-зайыптылар дәрігерге уақытылы барып, тексеріліп жүрген. Бірақ аяқастынан жол апатына түседі. Тас жолда жүйткіген көлік бес рет аунап, екеуі де ауыр жарақат алған. Ес-түссіз қалған Ұлболсын біраз уақыт ауруханада емделеді. Дәрігер іштегі баланың тірі екенін айтып қуантыпты.
«Сол күні барғанда сұрадым: «Менің ішім қозғалмайды, қараңызшы. Мүмкін, бірінші бала болған соң сезбеймін бе?», - деп сұрадым. Ол кісі мені қарады да, бала қозғалып тұр деді. Кейін УЗИ-ге барсам, баланың жүрегі 17 аптасында тоқтап қалғанын айтты», - деді Орал қаласының тұрғыны Ұлболсын Айтқалиева.
Ұлболсынның жолдасы Нұрбол да ақ халаттылардың салғырттығына өкпелі. Бірақ сотқа беріп, жазалатуға дәрігерді аядық дейді.
Ал дәрігерлер мұнымен келіспейді. Айтуынша, Ұлболсын жол апатынан ауыр жарақат алған. Бас сүйегі шытынап, миы шайқалған. Сондай-ақ бүйрегі де зақымданыпты.
«Тексергенде іштегі ұрықтың 16-17 аптадан кейін дамымай қалғаны анықталды. Баланың қозғалуы, жүрегінің соғуы 20 аптадан кейін ғана белгілі болады. Ұлболсын бізге қаралғанда қызуының көтерілуі, ішінің төменгі жағының ауыруы сияқты белгілер болмады. Сондықтан бізді кінәлауы негізсіз. Енді ол дұрыстап емделуі тиіс. Әйтпесе бала көтере алмауы, жүкті болса да, баласының түсіп қалуы мүмкін», - дейді №2-қалалық емхана директорының орынбасары Рая Мулдашева
Енді дәрігерлер Ұлболсынды мұқият қарап тексереміз деп отыр. Өйткені оның ағзасында түрлі генетикалық, гормоналдық өзгерістер байқалған. Сондықтан оны арнайы мамандар ерекше бақылауға алмақ.