Жамбыл облысында жасөспірім жұмбақ жағдайда оққа ұшты
Қайғылы оқиға 9 қараша күні болған
Жамбыл облысы Меркі ауданында 14 жасар жеткіншек пневматикалық қарудан атылған оқтан көз жұмды. Куәгерлер баланың өзін өзі абайсызда атып алғандығын айтады. Алайда марқұмның туыстары бұған сенбейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Express Qazaqstan-ға сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға қарашаның 9 күні болған. Тескентоған ауылының тұрғыны Бақдәулет Балқарбай көрші тұратын досының үйіне ойнауға келген. Бұл үйде «Hatsan Striker» маркалы пневматикалық қару болған екен. Ойын балалары мылтықты аулаға алып шығып, бірнеше мәрте атып көрген. «Бақдәулет мылтықты қызықтап қарап жатып өзін өзі атып алды» дейді қару иесінің ұлы. Маңдайынан жараланған жасөспірім ауруханаға жетпей қайтыс болыпты. Марқұмның туыстары бауырларының дәл осындай жағдайда қаза тапқанына сенбейді.
«Сараптама жасаған маман оқтың маңдайының сол жағына тигенін айтты. Сол жерде нәзік тамыр бар екен, соған тисе, адам бірден жүріп кетеді екен. Бізге бала өзін өзі атты дейді. Ол мүмкін емес. Бұған сенбейміз», - дейді марқұмның әпкесі Балғын Балқарбай
Сондай-ақ Бақдәулеттің туыстары оны аман алып қалуға еш әрекет жасалмағанын айтады. Көршілері дер кезінде марқұмның ата-анасына хабар бермепті. Жараланған жасөспірімді жедел жәрдем көлігі алып кеткен соң бір-ақ барып естірткен. Сонымен қатар көршілерін «Үйде қару бар екенін біле тұра қауіпсіздік шараларын сақтамады» деп айыптап отыр.
Ауласында адам қайтыс болған үйдің иесі Жексенбек Қашқынов журналистерге ашылып ештеңе айтпады.
«Өзім де не болғанын толық білмеймін. Жағдайды көзбен көрмедік. Қазір тергеу жүріп жатыр, содан кейін ғана жауап береміз», деп қысқа қайырды.
Қазіргі таңда бұл жағдай бойынша Меркі аудандық полиция бөлімшесі сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалған. Тәртіп сақшылары істің мән-жайы тергеу аяқталған соң белгілі болады дейді.