Англияда қазақстандық боксшыға белгісіз біреулер шабуыл жасады

Azattyq Rýhy

«Мұның кімге керек болғанын білмеймін» дейді спортшы

Фото ашық дереккөзден

Англияда қазақстандық кәсіпқой боксшы Виктор Коточиговқа шабуыл жасалды. Бұл туралы спортшы әлеуметтік желіде жазба жариялады.

Спортшының жазуына қарағанда, оның бөлмесіне белгісіз біреулер кіріп, үстіне қышқылға ұқсас зат шашып кеткен. Оқиға Англияда болған. Онда отандық боксшы 11 желтоқсанға жоспарланған кездесуге дайындалып жүрген.

 "Англиядағы дайындықтар мен үшін сәтсіз болды. Жағдайды қысқаша баяндасам: Жарысқа дайындық өткізу мақсатында осында ұшып келдім. Төрт күннен кейін түнде ұйықтап жатып, есіктің ар жағынан бір дауыс естідім. Біреу есіктің құлпын ашуға тырысып жатыр екен. Тез арада пышақ алуға жүгірдім, алайда ас үйде шанышқы мен қасықтан басқа ештеңе болмады. Ақыры есік ашылды, басына капюшон киген бірнеше адам кірді. Мен көп ойланбастан оларға жақындадым. Төбелесетін ойлары болмаса керек, бірден маған қышқылға ұқсас затты шашып жіберді. Мен қатты ауырғаннан құрысып қалдым, ал олар ізін суытты. Бірден бапкеріме телефон соқтым. Ол түн ортасында келіп, ауруханаға апарды. Маған қамқорлық танытқаны үшін оған алғысым шексіз. Содан бірнеше күнімді ауруханада дәрігерлердің қарауында өткіздім. Ешкіммен дауласқан жоқ едім. Мұның кімге керек болғанын білмеймін. Бір түсінгенім, дайындыққа сенімді жерлерге бару керек екен", - деп жазды Коточигов.

Айта кетейік, спортшы бүгінге дейін 14 кездесу өткізіп, оның 12-сін жеңіспен аяқтаған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.