ШұғылҚазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсті

Петропавлда өрттен бір отбасының 3 адамы қаза тапты

Қайғылы оқиға қала сыртындағы Жұмысшы кентінде болған

Петропавлда 1 қаңтар күні болған өрт салдарынан бір отбасының 3 мүшесі қаза тапты, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy тілшісі Петропавловск.news басылымына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға қала сыртындағы Жұмысшы кентінде болған. Сағат 17.00 шамасында «101» нөміріне түскен хабарлама бойынша оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер мен құтқарушылар жеке үйдің ішін түтін жайлағанын, алайда ашық өрт болмағанын анықтаған.

«Үйден 1991 жылы туған әйел мен оның 2016 және 2018 жылы туған балаларының денесі табылған. Отбасы өрттен шыққан ыстан уланған. Жиһаз бен тұрмыстық техника жанып кеткен», - деді Солтүстік Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері.

Аумағы 8 шаршы метрді құраған өрттің шығуына сымдардың қысқа тұйықталуы себеп болуы мүмкін. Өрт шыққан үйге былтыр қазан айында тиісті мамандар профилактикалық рейд жүргізіп, тексеріп қайтқан екен.