$ 495.28  518.41  5.44
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.10.2021, 16:56
Оқиғалар

Жалдамалы пәтерлер туралы жалған хабарландыру: алаяқ топтарға 11,6 млн теңге айыппұл салынады

Клиентті сендіру үшін алаяқтар тіпті жеке құжаттарының фотоларын да жіберуге дайын. Алайда, әдетте ол құжаттар мүлдем басқа адамға тиесілі болып шығады

Жалдамалы пәтерлер туралы жалған хабарландыру: алаяқ топтарға 11,6 млн теңге айыппұл салынады

Телефон арқылы өзін банк менеджері ретінде таныстырып, азаматтардан ақша жымқырған алаяқтардан бөлек, жалған пәтерлерді жалға берушілер соңғы жылдары тым көбейіп кетті.

Azattyq Rýhy тілшісіне хабарласып, алаяққа алданғанын жеткізген алматылық студент риелторлық сайттарға сенуден қалғандығын айтты.

Азамат (аты өзгертілген – авт.) үлкен қалаға келген беттен жалдамалы бір бөлмелі пәтерді сайттағы хабарландырудан іздей бастаған. Бүгінде бұрынғыдай жетім бұрышты жағалайтын жандар қалада жоқ.

Қазіргі нарықтағы сұраныс бойынша, Алматының орталығындағы жалдамалы бір бөлмелі пәтердің құны шамамен айына 140-150 мың теңгені құрайды.

Азамат Krisha.kz порталында жарияланған хабарламалардың ішінен өзіне керегін тапқан. Алайда, оның артында алаяқ тұрғанын еш білмеген екен.

«Хабарландыруға әдемі әрі жайлы пәтердің фотоларын жүктеп қойған. Пәтер өзім іздеген Бостандық ауданында орналасқан екен. Көрсетілген нөмірге хабарласқанымда қоңырауға жауап берген адам қаладан тыс жерде екенін айтты. Пәтерден айырылып қалмас үшін төленетін соманың бір бөлігін алдын ала беруге келістім», - дейді Азамат.

Клиентті сендіру үшін алаяқтар тіпті жеке құжаттарының фотоларын да жіберуге дайын. Алайда, ол құжаттар әдетте мүлдем басқа адамға тиесілі болып шығады екен.

«Қоңырауға жауап берген жігіт өзін сол пәтердің иесінің баласы екенін айтып, маған өзінің және анасының жеке куәлігінің фотосын жіберді. Анасын сол үйдің иесі деп сендірді. Сондай-ақ, WhatsApp мессенджері арқылы үйдің құжаттарының да суреттері келді», - дейді студент.

Осылайша пәтер жалдаушының сеніміне кіргеннен кейін алаяқ шотының нөмірін жібереді.

«14 цифрдан тұратын карта нөмірін жіберді. Ол Simply деп аталатын электронды мобильді цифрлық төлем картасы. Соған телефон нөмірі арқылы банк қосымшасымен ақша аудардым. Ал артынша өзін үйдің иесімін деп таныстырған азамат ұшты-күйлі жоқ болып, телефоны да сөндірулі болды. Қазір сайттағы хабарландыруға сенуден қалдым», - дейді алаяққа алданып қалған бойжеткен.

Алаяқтардың табыс көзіне айналған Krisha.kz порталы бүгінде клиенттер тарапынан хабарландыру иелеріне қатысты түсетін шағымдардың көбейгенін жоққа шығармайды.

«Жалған хабарландырулармен күресу үшін сайт парақшасының екі жерінде (телефон нөмірімен және жарнаманың өзінде) «шағымдану» батырмасы бар. Ай сайын пайдаланушылардың осындай өтініштері бойынша «жалған» деп белгіленген мыңдаған хабарландыру жойылады», - дейді krisha.kz сайтының пайдаланушыларға қолдау көрсету қызметі.

Сайттың пайдаланушыларға қолдау көрсету қызметі әрбір шағымның жіті тексерілетінін айтып отыр. Егер клиенттің шағымы расталған жағдайда, хабарландыру жойылып, аккаунт толықтай бұғатталады екен.

«Егер қолдау қызметіне алаяқтардан зардап шеккен адам жүгінсе, біз оны құқық қорғау органдарына жібереміз және одан әрі тергеуге көмектесеміз. Алаяқтарды тексеру және анықтау үшін күн сайын орналастырылған жарнамаларға мониторинг жүргізетін сапаны бақылау қызметі бар. Сонымен қатар, әр жарнамаға алдын ала төлем жасалмайтындығы туралы ескерту беріледі», - делінген жауапта.

Бүгінде еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент сияқты ірі қалаларында жалған пәтерлерді жалға беріп, азаматтардың қалтасын алаяқтық амалмен қағып жатқан қылмыскерлердің көбейіп кеткендігін полицейлер де растап отыр.

«Алаяқтар әлеуметтік желілілерде пәтерді жалға беру туралы жалған жарнама жариялап, артынша клиенттен ақша алғаннан кейін оларға жоқ пәтерлердің кілттерін береді, артынша барлық байланыс нөмірін сөндіріп, ізін суытады. Әдетте мұндай қылмыс түрімен айналысатындар топтасып да, жалғыз да жұмыс істей береді», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті криминалдык полиция басқармасының бөлім бастығы, полиция майоры Диас Қадыров.

Құқық қорғау органының қызметкері алаяқтық жасаған адамның әрекеті әшкере болған жағдайда бас бостандығынан да айырылуы мүмкін екендігін атап өтті.

«Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 190 бабына сәйкес алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену салдары мүлкі тәркіленіп, 1000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады», - деп нақтылады Диас Қадыров.

Сонымен қатар, аталған қылмыс түрі кейде топтасқан адамдардың ықпалымен жүзеге асырылатынын ескерсек, оларға тағайындалатын жаза 4 мың АЕК, яғни 11 668 000 теңгені құрауы мүмкін екен.

«Адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасалған алаяқтық 4000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 1000 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді», - деді Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті криминалдык полиция басқармасының бөлім бастығы.

Тәртіп сақшылары пәтердің жалған иелерін әдетте полиция бөлімшесіне келіп түскен шағымдар арқылы іздестіреді. Бұдан бөлек, құқық қорғау қызметкерлері бұл бағытта арнайы профилактикалық шараларды да жүргізіп отырады.

«Алаяқтарды ұстау жедел-іздестіру, сондай-ақ арнайы іс-шараларды жүргізу кезінде анықталады. Алаяқтар бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейін олармен Ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің қызметкерлері жұмыс жүргізеді. Нақтырақ айтқанда мамандар түсіндіру және алдын алу жұмыстарын жүргізіп, психологиялық көмек көрсетеді және жұмысқа орналастырады», - деді Диас Қадыров.

Полиция департаменті қала тұрғындарына пәтерді жалға алатын кезде сақ болу керектігін ескертеді.

Серіктес жаңалықтары