Павлодарда 200-ге жуық адам алимент төлеуден жалтарып жүр
Алимент төлеу жауапкершілігі – баламен бірге тұрмайтын ата-ананың басты міндеті
Павлодар облысында алимент төлеуден жалтарған 192 адам анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Көші-қон полициясы бөлімшелерінің қызметтік бағыттарының бірі – алимент төлемейтіндер мен борышкерлерді іздестіру.
«Немқұрайлы ата-аналар мен борышкерлерді іздеуге көп күш пен қаражат жұмсалады. Осы жылдың басынан бері алимент және қарыз төлеуден жалтарған азаматтарды ұстау үшін полиция қызметкерлері түрлі мекемелерге 700-ге жуық сұрау жіберді. «Автопоток» және «Интегра» автоматтандырылған жүйелеріне көлік құралдары туралы мәліметтер енгізілді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге кеткен іздеудегі тұлғаларға қатысты олардың орналасқан жеріндегі мемлекеттердің ішкі істер органдарына хаттар жолданды», – деді Павлодар облысы Полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Қазбек Ахметов.
Алимент төлеу жауапкершілігі – баламен бірге тұрмайтын ата-ананың басты міндеті. Кейбір әйелдер бұрынғы күйеуінен қорқып, алимент төлетуден бас тартады. Бірақ бұл жерде заң әйел мен оның балаларының жағында екенін ұмытпау керек.
Биыл полиция қызметкерлері Алматы қаласының аумағында 2019 жылдан бері алимент төлемей жүрген іздеудегі 27 жастағы адамды анықтап, ұстады.
Аналарының да алимент төлету жағдайы сирек емес. Осындай жағдайға Өзбекстан Республикасында іздестіріліп жатқан Шымкент қаласының тұрғыны тап болды. Бұрынғы күйеуі – Успен ауданының тұрғыны өзінің заңды жұбайын іздеуге жүгінді. Тәртіп сақшылары биыл Павлодар облысының көші-қон полициясы қызметкерлері 192 алимент төлемей жүрген және 95 борышкердің орналасқан жерін анықтағанын атап өтті.