$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.10.2021, 12:36
Оқиғалар

«Антиваксер Айна Бакееваның 3-сынып оқушысына қатысты таратқан ақпараты жалған»: мектеп директоры түсініктеме берді

Дәрігер Айна Бакеева мен журналист Жанар Дәулет мектеп ішіне кіріп, ешбір рұқсатсыз кабинеттерді аралай бастаған

«Антиваксер Айна Бакееваның 3-сынып оқушысына қатысты таратқан ақпараты жалған»: мектеп директоры түсініктеме берді
Фотоколлаж: Нұрсұлтан Жорабаев

Жуырда әлеуметтік желіде еліміздің атышулы антиваксерлері елорда мектептерінің біріне баса-көктеп кіріп, шу шығарған видеосы тарады. Оқиға Ілияс Жансүгіров атындағы №58 мектеп-гимназиясында болған. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Білім басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Бейнежазбада шымкенттік дәрігер Айна Бакеева мен журналист Жанар Дәулеттің мектеп ішіне кіріп, ешбір рұқсатсыз кабинеттерді аралай бастағаны байқалады. Олар осылайша «балаларға еріктерінен тыс екпе салдырып жатыр» деген жалған ақпаратқа дәлел іздеген көрінеді. Кезекші мұғалімнің ескертуін елемеген антиваксерлерді мектептегілердің күштеп шығаруына тура келген. Көп ұзамай оқиға орнына Бакееваның жақтасы Анатолий Ким де жетіп келген. Алайда белсенділер ұзынқұлақтан естіген ақпараттарына ешбір айғақ таба алмады.

Болған жағдайға қатысты мектеп басшығы түсініктеме берді.

«5 қазан күні сағат 11:00-де Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Ілияс Жансүгіров атындағы №58 мектеп-гимназиясына үш бейтаныс әйел келіп, мектеп директорымен кездесуді сұрады. Үшеуі де бастапқыда өздерін мектеп оқушыларының ата-аналары ретінде таныстырды. Вахта күзетшісі Р.К. Конканова мектеп фойесінде директорды күтуді ұсынды. Содан кейін күзетші оларды журналға тіркеп, қорғаныш құралдарын қолдануды және «Ashyq» бағдарламасы арқылы статусын тексеру керектігін айтты. Үшеуі де директорды күтуден бас тартып, бірден мектептің ішін аралауға кірісті», - деп жазылған хабарламада.

Білім ошағының директоры Самал Нұғыманованың сөзіне сенсек, белсенділер мекеменің ішкі ережелерін бұзып, тәртіпке бағынудан бас тартқан. 

«Айна Бакееваның және журналистің негізгі мақсаты – «мектептерде балаларды заңсыз вакцинациялау» тақырыбында әлеуметтік желілер арқылы ата-аналар арасында дүрлікпе тудыру. Айна Бакеева өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «бір ата-ананың сөзінше, оның 3-сыныпта оқитын баласына дәретханада инъекция жасалды» деген жалған ақпарат жариялады. Бұл ақпараттың жалған екендігін оқушының анасы Ұлжан Нарбаева да мойындады (оның үлкен ұлы 3-сыныпта оқиды)», - деп жазылған жауапта.

Белгілі болғандай, қоңырау кезінде 9-сынып оқушысының жағдайы нашарлай түскен. Ал бұл оқиғаны Бакеева бірден камераға түсіре бастаған. Өзінің мамандарылған дәрігер екенін айтып, оқушыға көмектесуді өтінген. Алайда баланы видеоға түсіру оның құқығын бұзу болып саналатынын мұғалімдер бірнеше рет ескерткенімен, Бакеева заңсыз әрекетін тоқтатпаған.

«Осыдан кейін мектеп мұғалімдері Айна Бакееваны және оның жанындағы журналист әйелді спорт залынан шығаруға мәжбүр болған. Алайда белсенділер мектеп аумағынан өз еркімен кетуден бас тартқандықтан, мекеме әкімшілігінің полицияға хабарласуына тура келді. Осылайша аталған азаматтардың заңсыз әрекеттеріне қатысты полицияға арыз жазылды», - делінген хабарламада.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары