Қостанай қаласының жолын жөндеу кезінде 27 млн теңге ұрланған
Кәсіпорын директоры мен бөлім қызметкері 5 жылға бас бостандығынан айырылды
Қаржылық мониторинг агенттігі Қостанай қаласында жолдарды қайта жөндеу кезінде 27 млн астам теңгені жымқыру дерегін анықтады деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Жолдарды жөндеу кезінде жұмыс сапасыз орындалған, тіпті, орындалған жұмыстардың актілеріне жалған мәліметтер енгізілген.
Тергеу мәліметтері бойынша, мердігер «Galara» ЖШС мен Қостанай қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі арасында 612 миллион теңгеден астам сомаға Қостанай қаласының Набережная көшесін қайта жөндеу шарт жасалған.
Сөйтіп, мердігер компанияның директоры іс жүзінде жасалмаған жұмысты, жасадық деп есеп өткізген. Мысалы, құм-қиыршық тас қоспасынан, ұсақ тастан жасалған негіздердің төсейтін және тегістейтін қабаттарын орнату бойынша жұмыстардың жалған актісі тіркелген. Соның негізінде ЖШС есеп шотына 27 миллион астам теңге негізсіз аударылған.
Аталған мәселеге қатысты тергеу жүргізіліп, нәтижесінде кәсіпорын директоры мен бөлім қызметкері 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Еркежан Айтқазы, Нұр-Сұлтан қаласы